Қорғаныс министрлігі ұйымдастыруымен Маңғыстау облысында журналистер әскери дайындықтың жаңа әдістерімен танысты. Сапар барысында олар елдің теңіз шекарасын қорғауға жауапты жалғыз теңіз жаяу әскери бригадасының дайындығы мен сарбаздардың күнделікті қызметі, дәстүрлерін өз көздерімен көрді.
Бұл – Қазақстандағы жалғыз теңіз жаяу әскери бригадасы. Аталған бөлім елдің теңіз шекарасын қорғауда маңызды рөл атқарады және жоғары деңгейдегі жауынгерлік дайындықпен ерекшеленеді. Іс-шара барысында теңіз жаяу әскерлері пейнтбол арқылы шынайы ұрысқа жақын жағдайларда тактикалық жаттығулар өткізіп, өзара үйлесімді әрекеттерін көрсетті. Әскери бөлім басшылығы мұндай тәсілдердің тиімділігі мен маңыздылығын ерекше атап өтті.
АЗАМАТ СҮЛЕЙМЕНОВ, ТЕҢІЗ ЖАЯУ ӘСКЕРЛЕРІ БРИГАДАСЫНЫҢ КОМАНДИРІ:
— Қарулы күштерінде екі мезгіл дайындық болады: жазғы және қысқы. Қазір біз қысқы дайындығымызды аяқтаудамыз. Әр кезеңде жеке құрам қандай қару-жарағы бар солармен нормативтерді оқу, ату жаттығуын орындап, дайындығын шыңдайды.
Бағдарлама аясында БАҚ өкілдері «Оймаша» полигонында өткен көрсетілімдік атыстарды тамашалап, қару түрлерінің мүмкіндіктеріне куә болды. Сондай-ақ әскери-теңіз базасында болып, кемелердің қызметі және теңіз шекарасын қорғау міндеттерімен танысты. Әскери кеменің құрылымын толық аралап, оның ішкі жабдықталуын көріп, теңізшілердің күнделікті қызметі мен дәстүрлеріне қанықты.
РУСЛАН ЯХЬЯРОВ, КЕМЕЛЕР ДИВИЗИОНЫНЫҢ КОМАНДИРІ:
— Қазіргі уақытта біз «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кемесінің жанында тұрмыз. Бұл кеме «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесімен бірдей. Аталған екі кеме де Орал қаласындағы «Зенит» зауытында жасалған. Яғни бұл екі кеме – отандық өндіріс. Сондай-ақ анау тұрған екі катер де Орал қаласындағы өзіміздің кеме жасау зауыттарында құрастырылған.
Баспасөз турының екінші күні заманауи әскери технологияларға арналды. Журналистерге дрондар мен ұшқышсыз құрылғылар жұмысы таныстырылып, оларды басқару ерекшеліктері көрсетілді. Сонымен қатар оқу-суасты орталығында сүңгуірлерді даярлау үдерісі мен арнайы жабдықтар таныстырылды. Тілшілер қауымы казармада әскери борышын өтеп жатқан матростармен әңгімелесті. Олардың бірі бос уақытын тиімді пайдаланып, ғимарат қабырғасын көркем суреттермен безендірген. «Бұл сарбаздарға рух беріп, ортаға ерекше атмосфера сыйлады», — дейді матрос.
БАҚДАУЛЕТ МАҚСАТҰЛЫ, МАТРОС:
— Бұл суретте қазақ батырларының суреті және Қазақстан картасы бейнеленген. Бұл суреттерді салмас бұрын, өзіміздің басшылыққа ұсынған болатынмын. Әскери қызметшілерге және матростарымызға рух берсін деп және казарма үй-жайын безендіру үшін осындай нәрсе ұсынған болатынмын.
Сапар соңында БАҚ өкілдері әскери қызметін аяқтаған сарбаздардың Жауынгерлік туымен қоштасу рәсіміне қатысып, теңізшілердің күнделікті өмірі, қызмет жағдайымен танысты. Баспасөз туры журналистерге Қазақстан армиясының кәсібилігі мен заманауи мүмкіндіктерін жан-жақты көруге мүмкіндік берді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.