Әдетке айналған эко-таңдау: Қонаевта жаттықтырушы 6 жыл бойы велосипедпен қатынайды

Алматы облысында велосипед тебуді өмір салтына айналдырған жаттықтырушы тұрады. Қонаев қаласының тұрғыны Асылжан Ахметов соңғы алты жыл бойы күнделікті шаруасына велосипедпен қатынайды. Ол облыстық спорт мектебінде жасөспірімдерді боксқа баулиды. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануды үндеумен қатар, табиғатты аялаудың маңыздылығын да барынша насихаттап жүр.
Қонаев қаласында тұратын эко-белсенді Асылжан Ахметов 2019 жылдан бері автокөлікке отырмайды. Карантин кезінде қалыптасқан әдет бүгінге дейін жалғасып келеді. «Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту өз қолымызда. Сондықтан мен велосипедті таңдадым. Сол арқылы ауаның тазалығына аз болса да үлес қосқым келді», — дейді ол.

АСЫЛЖАН АХМЕТОВ, ЭКО-БЕЛСЕНДІ:
— Карантин кезінде қозғалыс болмай қалды. Карантиннен шыққаннан кейін велосипедпен жүремін деп ұйғардым. Бір жағынан таза ауа, өзіңнің денсаулығыңа жақсы. Көлікпен жүрген ауаға зиянын тигізеді. 12 ықшам ауданда тұрамын. Арақашықтық 3 шақырым, ары-бері 6 шақырым болады. Таңертең және түстен кейін жаттығуға барып келемін, сонда 2 рет.

Салауатты өмір салтын ұстануды өзінің азаматтық парызы деп санайтын Асылжан Ахметов жастарға бокс әліппесін үйретеді. Ол велосипедпен күніне 12-15 шақырымдай жол жүреді. Қазір бокс үйірмесіне 50-ден астам жас спортшы келіп жүр. Жаттықтырушының өмірлік ұстанымы – шәкірттері үшін де үлгі-өнеге.

Эко-белсенді «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өтетін іс-шараларға да белсенді қатысады. «Қоршаған ортаны көзіміздің қарашығындай сақтап, табиғатты аялау біздің алдымызға қойылған ең үлкен міндеттің бірі. Сол арқылы адамдардың бойында тазалық мәдениетін қалыптасады», — дейді ол.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал