Қатерлі ісікке қарсы қазақстандық дәрі соңғы сынақтан өтіп жатыр

Қазақстандық ғалымдар әзірлеген қатерлі ісікке қарсы дәріні отандық ауруханаларда сынау жалғасып жатыр. Препарат клиникалық сынақтардың соңғы кезеңіне өткен. Оны осы жылдың соңына дейін тіркеу жоспарланып отыр. Отандық дәрінің бағасы қанша болады? Ғылым және жоғары білім министрі Үкіметте тағы не айтты?
Қазақстанда жасалған қатерлі ісік дәрісінің құны шамамен 15-20 мың теңге болады. Ғылым министрі Үкіметтегі брифингте солай деді. Саясат Нұрбектің айтуынша, бұл дәрінің компоненттері арзан. Сондықтан бағасы төмен болуы керек. Қазір дәріні отыз шақты адам қабылдап жатыр. Барлық сынақ аяқталғаннан кейін препарат тіркеуге ұсынылады.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
— Өте арзан, сапасы жағынан әсіресе жаман аурудың ішкі түрлеріне жақсы әсер етеді. Асқазан, ішкі органдарға. Қазіргі таңда клиникалық тексерулердің екінші кезеңіне кірісіп жатырмыз. Астанада өтіп жатыр. Алматыдағы базаны Астанаға ауыстырдық. Бірнеше өңірді де қостық. Өзінің ішінара құны 15-20 мың теңгеден аспайды.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Ғылым және жоғары білім министрі биыл университеттердегі цифрлық надандықты жоюға күш салмақ. Ол үшін тіпті OpenAI компаниясымен арнайы келісімге келген. Саясат Нұрбектің айтуынша, ең үлкен мәселе — студенттер емес, оқытушылар. Студенттердің шамамен сексен пайызы ChatGPT-ді қолданады. Ал оқытушылар дәрісте жасанды интеллектің көмегіне жүгінуге аса құлықты емес. Оқу орны қызметкерлерін студенттер деңгейге жеткізу керек деп есептейді министр.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
— Бір-екі аптаның ішінде OpenAI деген компанияның бірігіп, бүкіл оқытушыны оқытамыз. Бұл – үш жылдық жоба. Жоғары білім сатысында қырық мыңға жуық оқытушы, жиырма мыңға жуық ғылыми зерттеу институттарының қызметкері және екі мыңға жуық ректор, декан, кафедра меңгерушісін оқытамыз. Олар OpenAI-дың ChatGPT, ChatGPT Еducation чат-боттарын қолданады. Чатқа лицензия тегін беріледі. Яғни цифрлық надандықты жоямыз

Сондай-ақ министр АҚШ-қа «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға түспек болған қазақстандықтардың 30%-ы виза ала алмағанын айтты. Бұған Америка президентінің елге кіру тәртібін өзгерткені себеп. Бостон мен Калифорния университеттері «Болашақ» тізімінен не үшін шығып қалғанын да түсіндірді министр. Оның айтуынша, бұл оқу орындарына мемлекет есебінен түскісі келетіндер тым көбейіп кеткен.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
— Бостон, Дейвистегі Калифорния, Оңтүстік Калифорния сияқты өте мықты, рейтингтері жоғары университеттерге азаматтарымыз көптеп оқуға түсе бастады. Сондықтан аталған оқу орындарына тиісті сұраныс жібердік. Сөйтсек, аталған университеттерге түсуге кепілдік беретін компаниялар бар екен. Біз аталған университеттермен келіссөз жүргізіп, мұндай компанияларды алып тастауды өтіндік. Олай болмаған жағдайда тізімінен шығаратынымызды ескерттік. Өйткені бізге сапа қажет. Алайда аталған жоғары оқу орындары ымыраға келмегендіктен, осындай шешім қабылдауымызға тура келді.

Ал Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты сол жақта оқып жүргендердің кейбірі елге ауысып жатыр. Аймақтағы 12 елде 2 мыңнан астам отандық студент бар. Соның 1700-і Біріккен Араб Әмірліктерінде білім алады. Олар жергілікті университеттерге ауысуға өтініш білдірген.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал