«Күдікті жазадан құтылып кетуі мүмкін». Нұрай Серікбайдың ағасы осындай мәлімдеме жасады. Сөзінше, кісі өліміне күдікті Шерхан Аймахан қазір Шымкент қаласындағы изоляторда емес. Оның айтуынша, күдіктіге жасалған сараптамада «психикалық ауытқуы байқалады» делінген. Алайда жәбірленуші тарап бұған сенбейді.
Нұрай Серікбайдың ағасы күдіктінің дені сау екеніне сенімді. «Ол жалған анықтама жасатып, жазадан құтылып кетуі мүмкін деп қорқамыз», — дейді. Ал мұндай сараптама мен тексеру жұмыстары тек уақыт созу үшін жасалып отырғанын айтады. Айтуынша, үш айға созылған тергеуден де әлі ешқандай мардымды жауап алмаған. Мұның бәрі үлкен күмән тудырады.
СҰЛТАН СЕРІКБАЙ, НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫҢ АҒАСЫ:
— Біріншісі, Шымкентте қаралған болатын, психикалық ауытқуы байқалған деп анықтама берген. Біз оған сенбей, Алматыдан сараптама талап еттік, күдікті жаққа барды, ол жақта да осындай анықтама берді. Енді бұл жерде симуляцияның максималды белгілері көрініп тұр. Өйткені қылмыскер – кәдімгі ортада өмір сүріп жүрген адам, сау адам. Естігенім бойынша, қазір қылмыскер Шымкент қаласында емес. Ол Талғардағы психикалық емдеу орталығында. «Емделіп жатыр» деген анықтама алғанша, ол жақта уақытын өткізе береді.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров та тергеудің созылып жатқанын жоққа шығармайды. Күдіктінің мінез-құлқын анықтауға арналған сараптамалардың нәтижесі әлі жарияланбағанын айтады.
АЯНХАН ОМАРОВ, АДВОКАТ:
— Тергеу құпиясына сәйкес, толық көлемде мәліметтер жариялай алмаймын. Алайда бір айтарым, тергеудің қазіргі таңда үшінші айға кетіп тергеліп жатқаны белгілі бір уәжді факторлар мен себептер бар, тиісті сараптамалар тағайындалған. Және күдіктінің алдағы уақытта сот процестерінде, тергеуде жауап бере алатындығына, өзінің іс-әрекетінің мәнін ұғына алғанын немесе ұғына алмағандығын нақты анықтау мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалған, тексеру амалдары жүргізілуде. Толық нәтижесі бүгінгі таңда әлі белгілі болған жоқ.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
Қазіргі таңда қылмыстық іс өндірісте. Ішкі істер министрлігіне хабарласқанымызда, олар нақты мәліметтерді жариялай алмайтындарын жеткізді. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр.
Қаңтар айында қоғамды дүр сілкіндірген резонансты іс біздің де назарымызда. Құзырлы органдар оқиғаның толық ақ-қарасын анықтаған соң, қосымша ақпарат болса, міндетті түрде хабарлаймыз.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.