Қосшының көшелері ми батпаққа айналды

Соңғы күндері еліміздің көп аймағында күн жылынып, қар еріп жатыр. Яғни құтқарушылар мен коммуналдық қызмет өкілдерінің жұмысы қауырт. Арнамыздың түсіру тобы елорда іргесіндегі Қосшы қаласына барды. Ол жақта ергіен қар суы аулаға тарап, адамдардың әрі-бері қатынауына қиындық тудырып жатыр.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Қосшы тұрғындары үшін қыс емес, дәл осы көктем ауыр тиетін сияқты. Себебі қар ерісе болды, көшелер әп-сәтте ми батпақ, шағын көлшікке айналады. Лай судан аяқ алып жүргісіз. Тұрғындар күн сайын балшық кешіп жүруге мәжбүр. Резеңке етіксіз жүру мүмкін емес.
Бұл – мектепке баратын жол. Оқушылар лай су мен батпақты айналып өтуге мәжбүр. Тұрғындар «жолға асфальт төсеп, тегістеп берсе», — дейді.

Мұнымен мәселе бітпейді. Қоқыс та әр жерде шашылып жатыр. Контейнерлер тұрмыстық қалдыққа лық толы.

Бұл жағдайдан Қосшы қаласының әкімдігі хабардар. «Лесная поляна» ықшам ауданында халық санының күрт артуына байланысты қоқыс жәшіктері жетіспей жатыр. Сондықтан қосымша контейнерлер қойылмақ. Ал жол мәселесіне қатысты билік өкілдері не дейді?

СӘКЕН СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазіргі уақытта жеке компания абаттандыру жұмыстарын аяқтаған жоқ. Яғни сол жерлердің барлығын мемлекет балансына өткізу үшін, олар толығымен жұмысты аяқтауы керек. Мемлекет тарапынан жергілікті атқарушы орган оны қадағалайды, міндетті түрде талап етеді. Абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін мемлекетке өткізіледі.

Демек, ықшам аудан әлі мемлекет балансына өтпеген. Сондықтан абаттандыру жұмыстары жеке құрылыс компаниясының құзырында. Бұл жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізілмек.

СӘКЕН СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қаланың ішінде шағын аудандар бар. Жеке секторда көшелер бар. Ол жерлерге біз смета жасап жатырмыз. Сметасы жасалған соң, қажет жұмыстарды жүргіземіз. Қаржы бөлінген жағдайда әрі қарай жалғасады.

Қазір қазба жұмыстарын жүргізу қиын. Себебі жер асты суы көтеріліп кетуі мүмкін. Сондықтан уақытша тоқтатылған. Жер құрғаған соң құрылыс қайта жалғасады. Әкімдік мәселені бақылауда ұстаймыз деп отыр. Ал су тасқынының алдын алу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Қала аумағынан 208 мың текше метр қар шығарылып, 24 мың текше метр су сорылды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал