Петропавл көшелеріндегі асфальт қармен бірге еріп жатыр

Петропавл көшелеріндегі асфальт қармен бірге еріп жатыр. Күн жылынып, қар көбесі сөгілгені сол еді, жолдың дені шұрық тесікке айналды. Шеткі аудандар былай тұрсын, орталық көшелердегі жағдай мәз емес. Мәселе қашан шешіледі? Биыл шаhарда қанша шақырым жол төселмек?
Қардың ерігені сол еді, қаланың қырық жамау жолдары қайта көрінді. Жылда қайталанатын бұл жағдай көлік иелерін қажытып, жолаушылардың діңкесін құртты. «Шеткі аудандарды айтпағанда, орталық көшелердің өзінде жағдай мәз емес», — дейді қала тұрғыны Нұрлан Ахметбаев.

НҰРЛАН АХМЕТБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Шаhарда көп жылдан бері мүлдем жөндеу көрмеген жолдар бар. Олардың дені осы орталық көшелерде. Бұл, әрине, көліктің бұзылуына алып келеді. Артынша ойламаған жерден шығынға батып жатамыз. Міне, дамбаның үстіндегі жолдың сапасы мүлдем сын көтермейді. Ойдым-ойдым, жүру мүмкін емес. Ал бұл – стратегиялық нысан.

Қазір Батыр Баян, Абай, Гастелло сынды бірнеше көшенің сиқы осындай. Тозған асфальт кесірінен темір тұлпарлар жиі бұзылады. Ал бұл қалтаға салмақ салады. Әрі ой-шұңқырды айналып өтемін деп тегіс жол іздегендер амалсыздан ереже бұзып, қарсы жолаққа шығуға мәжбүр. Сондықтан жүргізушілер: «Жанға батқан жолдың жайы биліктің назарына ілінсе…», — дейді.

АНЖЕЛИКА МАГУНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Тоқсан би көшесіндегі жол өте нашар. Орташа жөндеу жүргізеді, ол бір жылға жетпей бұзылады. Сапа жоқ.

Әкімдік өкілдері бұрын жөнделген жол учаскелерінде анықталған ақаулар мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелері аясында жойылатынын алға тартты. Ал биыл қалада шеткі аудандарға басымдық берілмек.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Батыр баян көшесінің бір бөлігі 25 жылы ағымдағы жөндеу аясында асфальтталды. Ал Гастелло, Әбу-Досмұхамбетов және Абай көшелері биылғы жылға арналған орташа жөндеу жұмыстарына енгізілмеген. 2026 жылы шамамен 22 км жолды жөндеу жоспарлануда, сондай-ақ 29 көшеге қатысты жобалар дайындалып, 26 км-ден астам қара жолды асфальттау көзделіп отыр.

Сәтін салса, қайта қалпына келтіру жұмыстары күн жылыған соң басталмақ.

САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Петропавда көше-жол желісінің жалпы ұзындығы – 366 шақырым. Оның 144 шақырымында мүлдем асфальт жоқ. Мәселе өзекті. Сондықтан жауаптылар бұл сұрақты кезең-кезеңмен шешуді жоспарлап отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал