Елімізде арнаулы мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттыру көзделіп отыр. Мәжілісте тиісті заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжаттың басты мақсаты – ел қауіпсіздігіне жауапты құрылымдардың жұмысын күшейту. Заң жобасында тағы қандай өзгерістер бар?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Депутаттар арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл бастама мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруды көздейді. Бірден үш кодекс пен он бір заңға өзгеріс енгізу ұсынылды. Негізгі жаңалық – мемлекеттік құпияларды қорғау күшейтілмек. Енді олардың қорғалуының әлсіреуі ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде бағаланады.
Заң жобасы бақылауды күшейтіп, Мемлекеттік күзет қызметінің өкілетін кеңейтуге бағытталған. Мемлекеттік құпияны сақтау талаптарын бұзғандар жауапкершілік артады.
АЛМАС НАЙМАНТАЕВ, ҰҚК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Мемлекеттік құпияларды қорғау деңгейінің төмендеуін ұлттық қауіпсіздікке қауіп ретінде бағалау осы салада жүйелі құқықтық реттеуді күшейтіп, бақылау тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес те күшейтіледі. Әлеуметтік желілерде аталған мазмұндағы материалдарды сақтауға тыйым салу ұсынылып отыр. Құзырлы органдар енді мұндай қауіптің алдын алып, таралу себептерін анықтауға міндеттеледі.
ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Бұл өзгерістер қазір аса өзекті. Өйткені интернет пен әлеуметтік желілерде радикалды идеялар кең таралып, жастардың көзқарасына әсер етіп жатыр.
Тағы бір жаңалық – ұлттық қауіпсіздік органдары мен мемлекеттік мекемелердің жедел бөлімдеріне IT және киберқауіпсіздік саласын жетік меңгерген жастарды тарту көзделіп отыр. Бұған дейін мұндай қызметке үміткерлер 23 жасқа дейін ғана қабылданатын. Енді осы шектеуді алып тастау ұсынылды.
Цифрлық технология қарқынды дамыған заманда интернет арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы күресті күшейту – басты міндеттердің бірі. «Сондықтан білімді талантты жастарды ертерек тарту жұмыстың тиімділігін арттырады», — дейді депутаттар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.