Алматыда жантүршігерлік қайғылы жағдай болды. Интернет-алаяқтың қоңырауы егде жастағы адамның өліміне себеп болды. Зейнеткер арбауына түсіп, өз еркімен барлық жинаған ақшасын беріп қойған. Алданғанын тым кеш түсінген. Болған жайтты ұққанда жағдайы күрт нашарлап кеткен. Өкінішке қарай, сол сәтте жанында жақындары болмаған. Кейін өзгелерден естіген. Енді марқұмның туыстары кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр.
Александр Шершаков үшін күн әдеттегідей басталған. Бірақ күнделікті шаруаларымен үйден шыққанда алаяқтар арбауына түсіп қалған. Зейнеткер бейтаныс адамдармен бір көлікте болып, жақындарының қоңырауларына жауап бермеген. Кейін хабарласуды сұраған. «Тіпті телефонды мүлде басқа адамдар көтере бастады», — дейді туыстары. Бірнеше сағаттан соң Александрдың жақындарына оның қайтыс болғаны туралы хабар жеткен.
АЛИНА ШЕРШАКОВА, МАРҚҰМНЫҢ НЕМЕРЕСІ:
— Күні бойы, шамамен сағат бірден беске дейін, біз атамызға үздіксіз қоңырау шалып отырдық. Әдетте ол телефон кітапшасында сақталмаған нөмірлерге жауап бермейтін, ал жауап берген күннің өзінде «кейін бәрін түсіндіремін» деп мазаламауды сұрайтын. Бір кезде тұтқаны бізге бейтаныс ер адам алды, арт жағынан басқа да дауыстар естілді. Атаның өзі көлікте келе жатқанын айтты. Сол кезде жанында біреулер бар екенін сездік. Біз «бұл алаяқтар ма?» деп сұрағанда, ол оны растады.
Туыстарының айтуынша, ер адамды қала ішінде ары-бері сандалтып, банкоматтардан ақша шешкізген. Оны белгісіз шоттарға аудартқан. Бас-аяғы – 4 миллион теңге. Осыдан кейін өз еркіне жібере салса керек. Куәгерлердің айтуынша, Александр Васильевич көшеде келе жатып, кенеттен есінен танып, құлаған. Өтіп бара жатқан адамдар көмектесуге тырысып, жедел жәрдем шақырған. Алғашқы көмек көрсеткен. Алайда өміріне араша түсу мүмкін болмаған.
АЛИНА ШЕРШАКОВА, МАРҚҰМНЫҢ НЕМЕРЕСІ:
— Сол сәтте біз бәріміз «ештеңе етпес» деп ойладық. Бірақ соңғы сөйлесу үзіліп кеткенде қатты қорықтық, не болып жатқанын түсінбедік. Қоңырау үзіліп қалды, бірақ бірден өтіп бара жатқан адамдар бізге қайта хабарласып, оның жағдайы нашарлап, есінен танып қалғанын айтты. Сол 20 минут шешуші болды. Тіпті әлсіз пульс бар деген үміт болды, бірақ біз туыстарымызбен жеткен кезде, дәрігерлер атамыздың қайтыс болғанын тіркеді.
Александр Шершаков – белгілі геолог. Екі аптадан соң 77 жасқа толар еді. Полиция мәліметінше, ер адам интернет-алаяқтардың құрбаны болған.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Өкінішке қарай, егде жастағы ер адам қайтыс болды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның интернет-алаяқтардың құрбаны болғаны анықталды. Ол ірі көлемдегі қаражатын берген, соның салдарынан жүрегі тоқтаған. Қазіргі таңда арнайы тергеу-оперативтік топ құрылып, қылмысты ашуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Интернет-алаяқтыққа қатысы бар барлық тұлға анықталып, міндетті түрде жауапкершілікке тартылады.
Александр Васильевичтің туыстары қайғымен күресіп қана қоймай, енді өзгелерді сақтыққа шақырып отыр. Алаяқтар көбіне қысым жасап, асықтырып, қорқытады. Олардың басты мақсаты – адамды ойлануға және көмек сұрауға мүмкіндік бермеу.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.