СҚО-да «Сергеев» қоймасы ернеуінен асты

Солтүстік Қазақстан облысында «Сергеев» қоймасы лық толып, ернеуінен асты. Қазір бөгет үстінен ағып жатқан судың биіктігі 20 сантиметрге жуықтаған. Екіпіні де уақыт өткен сайын күшейіп жатыр. Сондықтан гидролог мамандар әр 2-3 сағат сайын болжам жасап, жағдайды жіті бақылап отыр. Биыл стратегиялық нысан 2,6 миллиард текше метр су қабылдайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26 процентке аз. Өңірде күн күрт жылынып, қардың басым бөлігі еріп кетті. Салдарынан шағын өзендердің сағасы толып жатыр. Аймақта сақтық күшейтілген. Барлық күш-құрылым мен техника тасқынның алдын алуға жұмылдырылды. Құтқарушылар 112 елді мекенді назарда ұстап отыр. Ал жылда Есіл өзені тасығанда аралда қалатын Прибрежное ауылында жақын күндері жедел әрекет ету штабы құрылады.
ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Петропавл қаласы аумағында Есіл өзені 8-9 сәуірде көтеріліп, 1 мамырға дейін жалғасады. Қазір өңірдегі өзен-көлдерде мұз қабаты жұқаруда. Сондықтан сең жүруі де мүмкін. Қар суынан да қауіп бар. Олар жолдарды басып қалуы мүмкін. Жалпы айта кету керек, облыста су тасқынының шарықтау шегі әлі басталған жоқ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал