Коммуналдық қызметтер қала тазалығын тәулік бойы қамтамасыз етеді

Астанада қысқы маусым қорытындыланды. Қар қалың жауғанына қарамастан, коммуналдық қызметтер қаланың тазалығын тәулік бойы қамтамасыз етті. Қазір мекеме көктемгі жұмыстарға кірісіп, көшелерді жуу мен абаттандыруды бастап кетті. Сонымен қатар қызметкерлерге көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау да назардан тыс қалған жоқ.
Қаланың тазалығын тәулік бойы қамтамасыз ететін мекеме қыс бойы шамамен 2 млн текше метрден астам қар шығарған. Көшелерде көктайғақ болмас үшін 420 тоннадан артық тұз аралас құм себілген. Оның сыртында, күн жылынғалы сорылған су тағы бар.

ЗАМИР САДЫҚҰЛЫ, «АСТАНА ТАЗАЛЫҚ» МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Ең көп жұмыс істейтін уақытымыз – қыс мезгілі. Қыста тәулік бойы жұмыс істейміз. Бір ауысымға 600-700 техника, 500-дей жұмысшы шығады. Біз былтырдан бастап жұмыстарды түнгі маусымға ауыстырып жатырмыз. Кептеліс болмауы үшін.

Енді мекеме көктем-жаз маусымына дайындықты күшейттті. Арнайы техникалар жазғы режимге көшіп, көшелерді жуу мен тазалау жұмыстары қарқын алды. Көп ұзамай, жол жиегі, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолы толық ретке келтіріледі. Мекеме басшылығы осы ауыр жұмысты күні-түні атқарып жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайына қарайласып жатқанын айтады.

СӘУЛЕТ ЖОРАБЕКҰЛЫ, МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Алып жатқан пәтерімнің 50 пайызын құйып берді. Осы айдың 22-сі күні пәтердің кілтін қолыма алып, қазір сол үйде өмірімді жалғастырып сүріп жатырмын.
ЕРКЕБҰЛАН ҚЫРҒЫЗӘЛІҰЛЫ, МЕКЕМЕ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Жұмыс істегеніме 10 жылдан асты. 2025 жылдан бастап «Астана Тазалық» мекемесі жұмыскерлерге жатақхана бөлді. Сол жерден бізге бір орын бұйырды. Міне тұрып жатқанымызға бір жылға жуықтап қалды.

Иә, қала тазалығы үшін күн сайын жүздеген маманның атқарып жатқан еңбегі ерен. Жүйелі жұмыс елорданы әрдайым таза әрі көрікті етуге септеседі. «Дегенмен қала тұрғындары да тазалықты сақтауға үлес қосса, ортақ іс одан да нәтижелі болмақ», — дейді мекеме мамандары.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал