Петропавл қаласының іргесінде орналасқан Бескөл ауылында жаңа емхананың құрылысы басталды. Ол үшін Ұлттық қордан 5 млрд-тан астам теңге бағытталды. Қазір құрылыс алаңында 50-ден астам адам еңбек етіп жатыр. Ауа райы тұрақталған соң, жұмысшылар саны да артады. Өйткені әлеуметтік нысанды жыл соңына дейін халық игілігіне тапсыру жоспарлануда. Бұл елді мекендегі медициналық мекеме әбден тозған. Нысан осыдан жиырма жыл бұрын салыныпты. Әрі ол санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейді. Әрі ауданда адам саны көп болғандықтан, ғимарат тарлық етуде. Сол себепті дәрігерлер азаматтарды екі ауысымда қабылдауға мәжбүр.
СМАЙЫЛ САТИН, АУДАНДЫҚ АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫ:
– Бізде науқастарды бөлек-бөлек қабылдау мүмкін емес. Яғни ересектер де, балалар да бір жерде қаралады. Оның үстіне, бір кабинетке екі маманды отырғызып, күнелтудеміз. Басқа амалымыз жоқ. Ал жаңа емхана бой көтерген соң, мына ғимаратты дәрігерлер жатақханасына айналдыру жоспарымызда бар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.