Жезқазғанда полицейлер ер адамды өрттің ортасынан аман алып шықты

Жезқазғанда полицейлер ер адамды лаулап жанып жатқан өрттің ортасынан аман алып шықты. Таңсәріде көпқабатты үйдегі пәтерде өрт тұтанып, жоғарғы қабаттарды әп сәтте қою қара түтін басып қалған. Әр секунд санаулы сәтте өз өмірлерін қатерге тіккен тәртіп сақшылары бірінші болып ішке кірген. Белгілі болғанындай, олардың бірі төтенше жағдайдан үшінші рет адам құтқарып отыр.
Мир көшесіндегі үйде өрт шыққаны туралы хабар таңғы 6-дан аса түскен. Оқиға орнына алғаш болып полицейлер жетеді. Ол кезде подъезд бен жоғарғы қабаттарды қалың түтін басып, тыныс алу қиындап, көзге ештеңе көрінбейтін. Уақытты жоғалтпай, қызметкерлер жанып жатқан пәтерге кірген. Бөлменің түкпірінде өрттің қақ ортасында олар ес-түссіз жатқан ер адамды байқайды.

АБЗАЛ МҰЗДЫБАЕВ, АРНАЙЫ ЖАСАҚ МҮШЕСІ:
— Шақырту түсісімен біз жедел түрде оқиға орнына жеттік. Әріптестеріммен бірге пәтерге кірдік, мен бірінші кірдім, артымнан басқалары енді. Ішінде қою түтін мен ашық жалын болды. Бірнеше секунд ішке өтуге тырыстық, көріну өте нашар еді. Көршілер ішінде ер адам болуы мүмкін екенін айтқан болатын. Біз тізбек құрып, қызметкерлердің бірі зардап шегушіні тапты, содан кейін оны сыртқа алып шықтық.

Полицейлер зардап шегушіні қою түтін мен жалынның ортасынан көтеріп алып шығып, дәрігерлерге тапсырды. Олардың батыл әрі үйлесімді әрекетінің арқасында ер адам ажалдан аман қалды. Олардың бірі қызмет бабында бұған дейін де адам құтқарған екен.

АХМЕТ БАЛҒАБАЙ, ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ:
— 6-7 жылдың ішінде бұндай оқиға өз басымда үшінші рет орын алып тұр. Біріншісі, 2020 жылы Ғарышкерлер бойында 4-қабаттан секірмекші болған қызды құтқарған болатынмын. Екіншісі, 2024 жылы Жезқазған қаласы Сәтбаев көшесінде орналасқан көпірден секірмекші болған қызды құтқарып қалдым.

Міне, бүгін тағы да адам аман өмірін сақтап қалып отыр. Өрттен кейін тұрғындар құтқарушыларға алғысын жаудырды. Олардың айтуынша, өз ісіне нағыз адал азаматтардың еңбегі еленуі керек.

ГҮЛЗИПА ЫСМАИЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бүгінгі жұмыс өте жақсы ұйымдастырылған. Бұрын мұндайды тек кинодан көретінмін. Біздің полиция, СОБР, өрт сөндірушілер – барлығы да мықты, өте жоғары деңгейде жұмыс істеді. Алғысым шексіз. Жарты сағаттың ішінде бәрін реттеді, өздеріңіз де көрдіңіздер, өрт қатты болды. Зардап шегушіні оттың ішінен алып шықты. Нағыз кәсіби мамандар!

Мұндай оқиғалар арнайы қызметтердің қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мүмкіндігін көрсетеді. Осы жолы да олар біліктілік пен батылдықтың үлгісін көрсете білді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал