Депутаттар мас күйінде көлік жүргізгендерге әкімшілік рақымшылық жасауға қарсы

Елімізде әкімшілік істер бойынша алғаш рет рақымшылық жасалады. Депутатар бұл бастаманы қолдап отыр. Алайда кейбір санаттағы қылмыс бұл тізімге ілінбеуі керек деп есептейді. Мәселен, жол ережесін өрескел бұзғандарға жазаны күшейту қажет деп отыр.
Алматыда үш адамның өмірін қиған жантүршігерлік жол апаты қоғамда үлкен резонанс тудырды. Айдос Сарым бұл мәселені Мәжіліс мінберінде көтеріп, нақты ұсыныстарын айтты. Депутаттың пікірінше, мас күйінде көлік жүргізіп, жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтарға әкімшілік рақымшылық жасауға болмайды. Керісінше мұндай қылмыстарға жаза күшейтілуі тиіс.

АЙДОС САРЫМ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Апатқа кінәлі адамның әрекеті үш бірдей адамның өмірін қиды. Балалар ата-анасыз қалды. Сондықтан құзырлы органдар ішімдік ішіп көлікке отырып, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғалары үшін жауапкершілік тетіктерін қайта қарағаны дұрыс. Жазаны қылмыстың ауырлығына сай күшейту бойынша нақты ұсыныстар енгізуі тиіс деп есептеймін.

Депутаттардың айтуынша, жүргізуші куәлігінен айырылғандардың басым бөлігі – жол ережесін жүйелі түрде бұзғандар. Олардың қатарында мас күйінде рульге отырғандар да, қауіпсіздік талаптарын елемегендер де бар. Сондықтан оларды жай құқық бұзушы емес, қоғамға қауіп төндіретін адам ретінде қарастыру қажет.

ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Мен өзімнің жеке позициямды айтайын, рульге ішімдік ішіп отыратын азаматтарды шын құптамаймын. Меніңше, олар – қылмыскер, ешқандай рақымшылық жасауға болмайды. Өйткені ол оны біліп істеді. Сондықтен ешқандай кешірім болмауы керек.

Жалпы, соңғы уақытта жол апаты жиілеген. Жылдамдықты шамадан тыс асыратындар көп. «Айыппұл көлемі артқанымен, одан айтарлықтай нәтиже болмай отыр», — дейді сенаторлар.

МАРАТ ҚОЖАЕВ, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:
— Жол қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік жүйе жекелеген оқиғаларды тіркеумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы, құқық бұзушылықтың жүйелілігін ескерген жөн. Өйткені бұл адам өмірімен өлшенеді. Сондықтан жылдамдықты бақылауды әлі де жетілдіру қажет.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Депуттардың айтуынша, әкімшілік рақымшылық аясында мас күйінде жол ережесін өрескел бұзғандарға қайтадан көлік жүргізу құқығын беру – ертең тағы бір қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін. Сондықтан басты қағида – қауіпсіздікке мән берілуі керек. Айта кетейік, қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі Әділет министрлігімен бірлесіп, бұл бастаманы іске асыру тетіктерін әзірлеуге кірісті. Құқық бұзушылық түрлері, әкімшілік рақымшылық қолданылатын азаматтар санаты, айыппұлдарды есептен шығару көлемі мен тәртібі тиісті заң жобасы аясында нақтыланбақ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал