Жезқазғанда апатты үйдің тұрғындары көшу кезегін күтуден қажыған

Жезқазғанда он жылдан бері апатты деп танылған үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшу кезегін күтуден әбден қажыған. Осы уақытқа дейін жаңа баспана да, лайықты өтемақы да алмаған.
Бұл үй осыдан 9 жыл бұрын апатты деп танылған. Бірақ әлі күнге дейін мұнда адамдар өмір сүріп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, қабырғалардағы жарық күн сайын ұлғайып, ғимараттың іргесі шөге бастаған. Көшіру туралы уәде жыл сайын айтылады екен. Алайда нәтиже жоқ. «Ал ұсынылған өтемақыға басқа баспана сатып алу мүмкін емес», — дейді олар.

КҮЛЖИЯН ТҮБЕКОВА, АПАТТЫ ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:
— Бұл үй 1955 жылы салынған. 2017 жылы оны апатты деп таныды. Себебі үйдің іргетасы жоқ. Жай ғана жердің үстінде тұр. 2019 жылы бізге 3 миллион өтемақы ұсынды. Ол кезде бұл қаржыға лашық та ала алмайтын едік. Келіспесеңдер, күтіңдер деді. Нені күту керекпіз, түсінбедік.

Содан бері тұрғындар әлі күтіп келеді. Сыртқа шыққан сайын апат бола ма деп алаңдайды. Құрылым кез келген сәтте құлауы мүмкін. Сондықтан шұғыл түрде қауіпсіз баспанаға көшіруді немесе нарыққа сай әділ өтемақы төлеуді талап етеді.

НАТАЛЬЯ МИХАЙЛЮК, АПАТТЫ ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:
— Бұл үйде 27 жылдан бері тұрып келемін. Күйеуім бірінші топтағы мүгедек, төсекке таңылған. Біз неден қорқамыз? Егер үй құлап қалса, мен күйеуімді алып шығуға үлгермей қаламын. Терезелерімізден жел гуілдейді, үй түгел қисайып кеткен, қыста жылы болу үшін терезелерді пленкамен жауып қоямыз.

Бұл үйде шамамен 8 адам тұрады. Арасында кезінде өтемақы алған, бірақ берілген қаражатқа баспана сатып ала алмай, апатты үйде тұруға мәжбүр қалған пәтер иелерлері де бар. Ал Жезқазған әкімдігі қоныс аудару жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл мәселе тұрғын үй қорын жаңарту жөніндегі ауқымды бағдарламаға енгізілген көрінеді.

АҚТОЛҚЫН АЙТПАЕВА, ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Аталған үйде 8 пәтер орналасқан. 3 пәтердің иелері өтемақы алып, тұрғын үйді босатқан. Жезқазған қаласы әкімдігінің қаулысымен тұрғын үй қорын жаңғыртудың жаңа бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарлама аясында 1 073 пәтерді қамтитын 138 тұрғын үйді жаңғырту қарастырылған. 2025 жылы «Жезқазған қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мен «Ұлытау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірлесіп көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарын көшіру жұмыстарын бастады.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда апатты тұрғын үйлер үшін өтемақыны нарықтағы бағамен қайта қарау қарастырылмаған. Себебі бұрынғы кезеңдегі төлемдер толық аяқталған. Дегенмен, олардың айтуынша, тұрғындардың мәселені шешу мүмкіндігі бар. «Ұлытау» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүгініп, өтемақы алуға немесе қоныс аударуға мүмкіндік алуға болады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал