Талдықорғандағы көлік апаты жолда ереже бұзудың үлкен-кішісі болмайтынын тағы бір мәрте көрсетті. Бір жүргізуші жол ережесін елемей жүргенде, енді бірі тіпті көлік жүргізу куәлігін ала алмай жүр. Алматыда бақылау күшейтіліп, екі күннің ішінде екі мыңнан астам көлік айыптұрағына жеткізілді.
Алматыда бағдаршамның қызыл түсіне өту, мемлекеттік нөмірсіз жүру, қарсы жолаққа шығу және кейде сағатына 150-200 шақырымға дейін жететін шамадан тыс жылдамдықпен жүйтку полицейлердің күнделікті тіркейтін үйреншікті құқықбұзушылығына айналған. Мұндай заң бұзушылықтардың көбі мас күйде жасалады. Тәртіп сақшылары бақылауды күшейтіп жатыр. Мәселен, жыл басынан бері 700-ге жуық мас жүргізуші куәлігінен айырылды.
Алматыда бірнеше резонансты жол-көлік оқиғасынан кейін, соның ішінде «ZEEKR» маркалы көлік қатысқан, үш адамның өмірін қиған апаттан соң, «Құқықбұзушылыққа жол жоқ» атты ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр. Екі күннің ішінде полицейлер 5 мыңға жуық құқықбұзушылықты анықтаған. Олардың қатарында жүргізуші куәлігін алмаған немесе жүргізу құқығынан айырылған күйде көлік басқару, жалған нөмір пайдалану, қарсы жолаққа шығу және мас күйде көлік жүргізу фактісі бар. Сондай-ақ екі мыңнан астам көлік арнайы айыптұраққа жеткізілді.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— 15 мас жүргізуші ұсталды, жолдың қарсы бетіне шыққан 8 дерекке тосқауыл қойылды. Сонымен қатар басқа да өрескел құқықбұзушылықтарға төтеп берілді. Бұл – кешенді жұмыс. Еліміздің 4 аумағынан қосымша 20 экипаж полиция қызметкерлері келді. Оның барлығы қалдағы криминалдық ахуалды тұрақтандыруға, жол қауіпсіздігін және қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға арналған жедел алдын алу шарасын белсенді жүргізіп жатыр.
Тексерулер күшейтілгенімен, жолдағы заң бұзушылықтарды толық тоқтату әлі мүмкін болмай тұр. Оның бір себебі – жүргізушілерді дұрыс дайындау мәселесі. Бұл әсіресе мопед жүргізушілеріне қатысты. Қазір мопед те толыққанда көлік есебінде, сондықтан оны жүргізу үшін жүргізуші куәлігі, тіркеу және мемлекеттік нөмір қажет. Бірақ Қазақстанда әр екінші адам мопедке арналған теориялық емтиханнан өте алмай жатыр. Жыл басынан бері мыңнан астам адам тестілеуден сүрінген. «Мұндай мәселе самокаттарға да қатысты», — дейді Алматы тұрғындары.
Тәртіп сақшылары рейдтердің басты мақсаты жазалау емес, қайғылы жағдайлардың алдын алу екенін айтады. Алайда статистика көңіл көншітпейді. Өткен жылы елімізде адам өлімімен аяқталған 1800-ге жуық жол апаты тіркелген.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.