Ақтөбе – Ресей шекарасында кептеліс: мәселе қашан шешіледі?

Ақтөбе облысының Ресеймен шекарасында бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісі қалыптасты. Жүк көліктері мен жеңіл машиналар бірнеше күн бойы қаңтарылып тұр. Бұған не себеп? Мезгіл сайын қайталанатын жағдайдың шешімі бар ма?
Бұл видеоны Ақтөбеден шыққан жүк көлігінің жүргізушісі Александр түсірген. Ол Ақтөбе облысы мен Ресей шекарасындағы «Жайсан» автокөлік өткізу бекеті арқылы жиі қатынайды. Бірақ жүргенінен, шекарадағы кептелісте тұратыны көп. Жүргізуші бұған көрші елдерден келетін көлік ағынының артуы себеп деп есептейді. Бұл пікірді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдері де қолдайды.

РУСТАМ МАРТАСОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП КӨЛІК ЖӘНЕ ЛОГИСТИКА КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Бізде Ресей шекарасына дейін көліктер тоқтап, реттеліп тұратын бейтарап аймақ жоқ. Осының салдарынан көлік өтетін жер тарылып, бүкіл қозғалысты тежеп тұр. Өткізу бекеті 300 көлікке есептелген, ал өтетін көлік бұдан әлдеқайда көп. Көрші елдердің, атап айтқанда, Қырғызстан мен Өзбекстанның транзиттік әлеуеті жоғары. Олар логистиканы қатты дамытты. Соған сәйкес автопаркі де кем дегенде екі-үш есе өсті.

Мемлекеттік кірістер комитеті де шекарадағы кептелісті көлік санының көбеюімен байланыстырады. Оның үстіне кейбір өткізу бекетінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Солардың бірі – Қарғалы ауданындағы «Әлімбет» автокөлік өткізу пункті.

ДИНАРА ЕРҒАЛИЕВА, МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Мереке және демалыс күндерінен кейін көлік ағыны артқаны байқалды, әсіресе жолаушылар тасымалы көбейді. Бірқатар өткізу бекеті жөндеуден өтуіне байланысты көлік ағыны басқа жаққа бұрылды, бұның да әсері бар. Қазір шекарадағы көлік біртіндеп азайып, жағдай тұрақталып келеді.

Шекарадағы кезек мәселесін шешу үшін түрлі амал жасалды. Мысалы, былтыр Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы «Жайсан» бақылау-өткізу бекетінде электронды кезек жүйесі енгізілді. Оның көмегімен ретсіз кептелісті азайтып, шекарадан өту процесін жеңілдету көзделген. Алайда мамандардың айтуынша, қазір кезек төрт күн бұрын толып қалған. Бұл көлік ағынының әлі де өте көп екенін аңғартады. Мәселені шешудің тағы бір жолы – көліктерді басқа өткізу бекеттеріне бағыттау. Сондай-ақ 500 көлікке арналған тұрағы бар кемпинг салу жоспарланып отыр. Ол биыл ашылады деп күтілуде.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал