Кітапсүйер қауым үшін жағымды жаңалық. Ұлттық кітап күніне орай, Астанада халықаралық деңгейдегі ірі мәдени шара өтпек. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы Eurasian Book Fair кітап жәрмеңкесін ұйымдастырмақ. Дәстүрлі шара аясында республикалық байқаудың жеңімпаз баспалары да марапатталады. Ал басты мақсат – осындай көрме арқылы оқырман санын арттыру.
«Eurasian Book Fair» кітап жәрмеңкесіне 80-нен астам қазақстандық және шетелдік баспахана өкілі қатысуға өтінім берген. Бұл – Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Венесуэла, Португалия және Ұлыбританияның полиграфия саласындағы жетекші компаниялары. Ал былтырғы көрмені 100 мыңнан астам адам тамашалаған.
ФАРИДА ТОБАШАЛОВА, «ФОЛИАНТ» БАСПАСЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:
— Оқырмандар көрмеге не үшін келу керек? Бұл көрмеде өздер сүйіп оқитын кітаптарды кімдер жазатынын көре алады. Ол кітапты қандай баспалар шығаратынын және сол кітаптың авторларымен кездесіп-пікірлесіп, олардың қолтаңбасымен алып, сондай-ақ баспа бағасымен жеңілдіктегі кітаптарды сатып ала алады.
Биыл «Фолиант» баспасының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде мекеме бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырған. Қазір әлемдік бестселлерлер қазақ тіліне аударылып, түрлі жанрдағы шығармалар жарыққа шықты. Сонымен қатар қазақ классиктерінің туындылары, оның ішінде ұлы ақын Абай Құнанбаевтың еңбектері шетел тілдеріне аударылып жатыр. Сала мамандарының айтуынша, кітапқа деген сұраныс бүгінде жоғары.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтетін биылғы жәрмеңке бес күнге созылады. Оның аясында қазақстандық және шетелдік авторлардың жаңа кітаптарының тұсаукесері, автограф-сессиялар, шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Балаларға арналған арнайы алаң да жұмыс істейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл – қоғамда кітап оқуға деген ынтаның жоғары екенін аңғартса керек.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.