АҚШ пен Иран оқ атуды 45 күнге тоқтату мәселесін қарастырып жатыр. Әлемнің тұрақтылығы үшін маңызды келіссөзге Пәкістан, Мысыр және Түркия арағайын болып отыр. Вашингтон Тегеранға бірнеше ұсыныс әзірлеп жіберген. Қазіргі жағдай қандай?
Тегеран Ормуз бұғазын ашпаса, оны «тозақ» күтіп тұр. АҚШ басшысы Иранды «тас ғасырына» қайтарамын деген қоқан-лоқысын жуырда тағы да қайталады.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сейсенбі Иранда Электр станциялары мен көпірлер күні болады. Мұндай бұрын-соңды болмаған! Бұғазды ашыңдар, әйтпесе сендерді «тозақ» күтіп тұр.
Бірақ Иранның алған бетінен қайтар түрі көрінбейді. Керісінше Израиль мен Құрама штаттарына қарымта ескерту жасады. Олардың мәлімдеуінше, Ормуз бұғазы енді бұрынғыдай болмайды.
ИСЛАМ РЕВОЛЮЦИЯСЫ САҚШЫЛАР КОРПУСЫ:
«Ормуз бұғазы енді ешқашан бұрынғы мәртебесіне оралмайды, әсіресе АҚШ пен Израиль үшін. Ислам революциясы сақшылары корпусының әскери-теңіз күштері Парсы шығанағында жаңа тәртіп орнату жөніндегі Иран билігінің жоспарын жүзеге асыруға жедел дайындықты аяқтап жатыр».
Тараптардың текетіресі қашан аяқталары әзірге белгісіз. Әлі де соққы алмасу жалғасып жатыр. Иранда жақында ғана 245 оқушы мен 58 ұстаз көз жұмды. Бұл туралы Ислам Республикасы Білім министрлігі хабарлады. Ислам республикасы да қарап қалмай еврей елін соққы астына алуда. Соған қарамастан, тараптар оқ атуды 45 күнге тоқтату мәселесін қарастарып жатқан көрінеді. Жуырда америкалық Axios басылымы осылай жазды. Вашингтон Тегеранға бірнеше ұсыныс әзірлеп, жіберген. Бірақ Ислам Республикасы: «Тек қағаз жүзінде орындалатын келісім жасамаймыз», — деп отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.