Елімізде тасқын қаупі бәсеңдеді

Еліміздің басым аумағында қар кетіп, тасқын қаупі бәсеңдеді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қазір республика бойынша қар жамылғысының 7 пайызы ғана қалды. Бірақ Шығыс Қазақстан облысының таулы аймағында қар әлі де көп. Жағдай бақылауда болғанымен, бірқатар өңірде қауіп сақталып отыр. Күні кеше Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы «Шөптікөл» бөгетін тасқын су бұзып өткен. Ондағы жағдай қазір қалай?
Бұл – жергілікті тұрғындар сол жерден түсірген бейнежазба. Гидротехникалық қондырғы Сабынды ауылынан бар болғаны 2 шақырым жерде. Елді мекен тұрғындары үшін өзге ауылдармен байланыс уақытша үзілген. 200-ден астам адам мен ондаған техника түннен бері су жарған бөгетті бекіту үшін жанталасып жатыр. Құтқарушылар, полицейлер, жергілікті әкімдік тұрғындармен бірге судың арнасын басқа бағытқа бұруға әрекеттенді. Аудан басшылары: «Сабындыға қауіп жоқ, — дейді.

АЛМАС АЛИН, ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Қорғалжын ауданы Сабынды ауылында қар суының жиналуына байланысты үлкен жұмыстар жасалынды. 54 техника, 131 адам жұмылдырылды. Қазіргі уақытта үйлерді су басатын қауіп жоқ. Барлық жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр. Жолдар бұзылған жоқ.

Астана – Қорғалжын тас жолының жиегін көтеру де жүргізілуде. Шұғыл штаб құрылған. 50 мың тонна құм жеткізіліп, 800 метр топырақ бөгеті салынған. «Шөптікөл» су қоймасының сыйымдылығы – 4,7 миллион текше метр. Аумағы 157 гектар болса, тереңдігі 3 метрге дейін жетеді. Құрылғы Астана – Қорғалжын жолын тасқыннан қорғап, Шевченко, Балқаш өзектерін сумен қамтамасыз етуге арналған.

ЕРАСЫЛ КӘДІРБЕКОВ, ТЖМ КОМИТЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Қазіргі таңда ол жерде жағдай тұрақты. Суды бұру жұмыстары жүргізілуде. Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті органдардың күштік құралдары сол жерде жұмыс атқарып жатыр. Ауылға су кірген жоқ. Тек жол шайылған, су арнайы құбырлар арқылы өтіп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегі бойынша, қазір тасқын толқыны Ақмола және Қостанай облыстарында өтіп жатыр. Ал Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарындағы жағдайды мамандар бақылап отыр. Су деңгейінің көтерілуіне байланысты ел бойынша 48 жолды су шайған. «Бірақ ешбір елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ», — дейді, министрлік мамандары.

Мамандар жағдай тұрақты болғанымен, арқаны кеңге салмауға шақырады. Синоптиктер ертең елдің бірқатар өңірінде қар аралас жаңбыр жауады деп ескертіп отыр.

Болжам бойынша, сәуір айының соңына қарай тасқын қаупі толық сейілуі тиіс. «Алайда бұл таулы аймақтардағы қардың еру қарқынына байланысты», — деді төтенше жағдайлар минитстрлігі маманы.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал