73-ші орыннан 1600-ге бір-ақ секірді. Солтүстік Қазақстанда балалар үйінің түлегі 15 жыл күткен пәтер кезегінің неліктен кері кеткенін түсінбей дал. «Енді тағы 15 жыл күтуім керек пе?», — дейді амалы таусылған Виктор Стрижнёв. Электронды жүйенің қателігі ме әлде жауаптылардың салғырттығы ма?
Виктор Стрижнёв – балалар үйінің түлегі. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған ол туған бауырымен 2011 жылдан бері кезекте тұр. Бірақ екеуі де пәтер кілтіне әлі күнге дейін қол жеткізе алмапты. Айтуынша, соңғы кезде баспана алу бас қайғысына айналған.
ВИКТОР СТРИЖНЁВ, БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТҮЛЕГІ:
— Інім екеуміз былтыр кезекте 73-74-інші болып тұрған едік. Қазір 1612, 1613-інші болып қалдық. Мәселені анықтау үшін бармаған жеріміз жоқ. Банктегілер әкімдікке жібереді. Әкімдік өкілдері болса, ештеңе түсіндіре алмайды. Міне, осылай екі ортада жүргенімізге бірнеше айдың жүзі болды.
Виктор – екі баланың әкесі. Қалада тұрақты жұмысы болмаған соң, отбасымен уақытша аудан орталығына көшкен. Себебі тапқан-таянғаны бала-шағасынан аспайды.
ВИКТОР СТРИЖНЁВ, БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТҮЛЕГІ:
— Балалар үйінен менен кейін шыққандардың өзі баспаналы болып жатыр. Ал біз әлі жүрміз. Сонда тағы 15 жыл күтуіміз керек пе? Мәселе шешілмесе, енді прокуратураға арызданып, сотқа жүгінемін.
Елімізде тұрғын үй кезегінде тұрғандардың тізімі былтыр жергілікті атқарушы органдардан Отбасы банкіне берілді. Ал мұндағылардың айтуынша, кімнің қашан баспаналы болатынын электронды жүйе анықтайды. Ал Виктордың мәселесі бойынша тексеріс ашылмақ.
НҰРЖАН ӘЛІБЕКОВ, «ОТБАСЫ БАНКІ» ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Бұл азаматқа несиелік тұрғын үй бойынша конкурсқа қатысу ұсынылады. Себебі қалада жалдамалы пәтерлердің саны өте аз. Егер бұл ұсыныспен келіспесе, оның өтініші негізінде біз тексеріс жүргіземіз. Артынша неліктен ол тізімнің соңына түсіп кеткенін анықтаймыз. Бірақ ол үшін уақыт қажет.
Айта кету керек, өңірде баспана мәселесі өткір. Тек облыс орталығында қазір 18 мыңдай адам кезекте тұр.
САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Бұл 18 мың адамның 2-мыңға жуығы – халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар. Яғни көпбалалы отбасылар, жетім-жесірлер, мүгедектігі барлар, тағысын тағы. Ал бұл жандарға Петропавл қаласында бір жылда тек 81 пәтер ғана үлестірілмек.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.