Павлодарда 200-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жан спортпен кәсіби түрде шұғылданады

Адал азамат – рухы мықты тұлға. Павлодарлық 200-ге жуық спортшы мүмкіндігі шектеулі болса да, күн сайын адам ерік-жігерінің шексіздігін дәлелдеп келеді.
Мүмкіндігі шектеулі жан үшін әрбір қозғалыс – сынақ, ал әр жеңіс – орасан зор еңбектің нәтижесі. Ауырсынуды, күмән мен қорқынышты жеңе отырып, олар күн сайын адамның мүмкіндігі шексіз екенін дәлелдейді. Соның жарқын мысалы – Ғалия Беспалая. Ол – үстел теннисінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жасы 80-де.

ҒАЛИЯ БЕСПАЛАЯ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ:
— 8-қабаттан ер адам үстіме құлап, ауыр жарақат алдым. Ол кезде балаларым кішкентай еді. Бақытыма орай, жолдасым мені тастап кеткен жоқ. Балаларды бірге өсірдік. Спорт – менің бар өмірім. Егер спорт болмағанда, мен мұнша ұзақ өмір сүрмес едім. Себебі ол адамды күйзелістен құтқарады.

Көп адам физикалық қозғалысы шектелгенде тұйықталып қалады. Осындай сәтте тірек табу өте маңызды, ал көпшілігі оны спорттан табады. Бұған Алтынбек Смағұлов та сенімді. Ол дене белсенділігінің арқасында өз отбасына тірек бола алды.

АЛТЫНБЕК СМАҒҰЛОВ, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ЧЕМПИОН:
— 2018 жылы мүгедек арбаға таңылдым. 2020 жылдан бастап паралимпиадалық спортпен айналыса бастадым – жеңіл атлетика, үшсайыс.Ұлым өсіп келеді, қазір 7-сыныпты аяқтап жатыр. Ол маған қарап, өзі де спортқа қызыға бастады. Еркін күреспен айналысады, бірнеше рет чемпион болды. Белбеулерін алып келіп көрсетеді. «Әке, мен де сіз сияқты жақсы спортшы болғым келеді», — дейді ұлым.

Жарыстардағы жеңістер қомақты сыйақылар әкеледі, ал спорттық дәрежелер тұрақты шәкіртақы алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубында түрлі жастағы шамамен 200 спортшы жаттығады. Жаттығулар тегін, барлық адамға қолжетімді.

ГҮЛНӘР ОМАРОВА, МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН СПОРТ КЛУБЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ:
— Біздің спортшылар үшін бұл жер – екінші үйі, жанға тыныштық сыйлайтын орын. Үйде отырып, тұйықталып қалатын адамдар бар. Ал мұнда келгенде бар күш-жігерін, энергиясын салады. Оларда жаттығуға, жетістікке жетуге деген ынта пайда болады. Олар үшін спорт – жай ғана іс емес, бұл – тұтас өмір.

Спорт мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қалпына келудің және жаңа мақсаттарға жетудің жолына айналған. Осында сенім пайда болады, рух нығаяды және кез келген шектеуді еңсеруге болатынына көз жеткізеді. Ең бастысы, өмір үшін күрес, алға ұмтылу.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал