А. Тоқтаубаев пен Д. Қалиахметов өздерін толық ақтауды сұрап, сотқа өтініш түсірді

Шерзат Полат ісі бойынша жаңа мәлімдеме пайда болды. Сотталған Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметов Жоғарғы сотқа өздерін толық ақтауды сұрап, өтініш түсірді. Бұл туралы марқұмның отбасының адвокаты Мейірман Шекеев хабарлады. Оның айтуынша, сотталғандар үкіммен келіспейді және өздерін кінәсіз деп санайды.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2024 жылғы 4 қазанда Талғар қаласында болған. Бір топ адам пышақпен қаруланып, әкесіне дүкенде көмектесіп жүрген 16 жастағы Шерзат Полатқа шабуыл жасаған. Жасөспірім алған жарақаттарынан көз жұмды. Сол күні оның әкесі мен ағасы да зардап шеккен. 2025 жылғы 5 шілдеде сот бұл іс бойынша тоғыз айыпталушыға үкім шығарды. Азамат Тоқтаубаев 15 жылға, ал Дидар Қалиахметов 7 жылға сотталған еді. Адвокат марқұмның әкесімен сотқа барғанымен, бүгін олардың шағымы қаралған жоқ. Сағат 16:30-ға жоспарланған кассациялық сот отырысы 14 сәуірге сағат 16:00-ге ауыстырылды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал