1 сәуірден бастап мораторий мерзімі аяқталды. Енді бензин мен жарық құны қалай құбылмақ? Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бағаның өсу себептерін ашық айтты. Ал қыста үйімізді жылытатын көмір бағасы қымбаттай ма?
Айта кетейік, елімізде жанармай бағасының өсуіне қатысты мораторий былтыр енгізілді. Бұл шешім инфляция деңгейін тұрақтандыру үшін қабылданған. Ал биыл 1 сәуірден бастап сол шектеудің мерзімі ресми түрде аяқталды. Дегенмен, АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы бірден шарықтап кетпейді. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов: «Нарықтағы жағдай бақылауда, баға біртіндеп реттеледі», — деп сендірді.
СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Жанар-жағармай бағасы күрт өспейді. Әрине, нарыққа байланысты өзгерістер болуы мүмкін. Көріп отырсыздар, көрші елдерде бензин әлдеқайда қымбат.
Ал коммуналдық тарифтерге енгізілген мораторий 1 сәуірде аяқталды. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың мәліметінше, биыл электр энергиясының бағасы өсуі мүмкін.
СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ6 ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Өсуі мүмкін. Ашық айтып жатырмыз ғой. Өйткені, инфляция бар. Тиісті құралдар қымбаттайды. Ол мекемелерде жерлестеріміз жұмыс істейді. Жалақыны көтеру керек. Сондықтан ол мәселелер объективті түрде қаралып, тиісті себептер болғанда, әрине, өсуі мүмкін.
Ал отынға келетін болсақ, биыл қыста көмір бағасы қымбаттамайды. Мамандардың айтуынша, алдағы жылыту маусымында сұраныс былтырғы деңгейде сақталады. Қазір елде бірнеше ірі жоба іске асып жатыр. 8 жылу энергетикалық орталық пен 11 стансасы жаңартылмақ.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Елімізде көмір қоры жеткілікті. Шикізат қорының көлемі шамамен 33 миллиард тоннадан асады. Осы көрсеткішпен Қазақстан әлем елдері бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов көмір елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін аса маңызды ресурс екенін атап өтті. Жалпы, көмір өндіру көлемі де жыл сайын артып келеді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Таза технологияларды қолданыстағы станцияларды жаңғырту мақсатында, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды тазартып, тиімділігін арттыру үшін де қолданған жөн. Біз қатаң экологиялық стандарттарды сақтауға ұмтылып, көмірді белсенді пайдалануды жоспарлап отырмыз. Бұл өте маңызды.
Премьер-министр Олжас Бектенов көмір кен орындарында қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды. Үкімет басшысы бұл үшін цифрлық технологияларды кеңінен енгізу қажет екенін айтты. Энергетика министрлігі кәсіпорындармен бірлесіп, жасанды интеллектіні пайдалану арқылы өндіріс тиімділігін арттыру және жұмысшыларға қауіпсіз жағдай жасау бойынша нақты жоспар әзірлемек.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.