Доллардың орташа бағамы 465,25 теңгені құрады

Доллар тағы түсті. Қазақстан қор биржасында АҚШ валютасының орташа бағамы 465 теңге 25 тиынды құрады. Яғни, доллар бір күнде 4 теңгеге арзандады. Қазақстан Ұлттық Банкі бекіткен ресми курс та осы деңгейде. Айырбастау пункттерінде доллар бағасы құбылып тұр. Kurs.kz дерегінше, Астанада долларды 457 теңгеден сатып алып, 464 теңгеден сатуда. Алматыда доллар сәл арзанырақ: сатып алу – 457 теңге, сату – 459 теңге. Экономистер теңге әлемдегі ең көп нығайған валютаға айналғанын айтады. Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі мен мұнай бағасының күрт өсуі аясында қазақстандық валюта жаһандық қаржы нарығында ең жоғары өсімді көрсетіп отыр. АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс теңге бағамына қалай ықпал етеді және оның болашақта қандай тәуекелі бар? Саясаттанушы Жақсылық Сабитов былай түсіндіреді.
ЖАҚСЫЛЫҚ СӘБИТОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
— Мұнай бағасы қымбаттаған кезде өндіретін елдің валютасы тез нығаяды. Қазір болып жатқан жағдай түрлі қақтығысқа берілген реакция. Соғыстың тағы бір салдары бар. Ормұз бұғазы – ауыл шаруашылығы тыңайтқышын тасымалдауда маңызды торап саналады. Осыған байланысты 2027 жылы азық-түлік бағасына қатысты мәселе туындауы мүмкін деген болжам бар. Азық-түлік азаюы мүмкін, себебі тыңайтқыш аз тасымалданып жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал