Петропавлдық құрылысшы бұзылған үйлердің үйіндісінен музей жасап шығарды

Ескі айнаның артынан табылған 150 жылдық газет пен әкеден қалған гитара. Петропавлдық құрылысшы бұзылған үйлердің үйіндісінен қалай музей жасап шығарды?
Солтүстікқазақстандық Сергей Тимофеев көргеннің көз жауын алатын көне дүниелерді осыдан 5 жыл бұрын жинай бастапты. Мамандығы құрылысшы болғандықтан, бастапқыда құрылыс саласында пайдаланған құрал-сайманмен әуестенгенін айтады. Осылайша уақыт өте келе бұл хоббиі шағын ретро-музейдің ашылуына ұйытқы болған.

СЕРГЕЙ ТИМОФЕЕВ, ҚҰРЫЛЫСШЫ:
— Бірде жұмыс барысымен Соколовка ауылында болған едік. Жергілікті мектеп музейіне кіріп, қатты әсер алдым. Себебі ондағы дүниелерді көріп, бала кезім есіме түсті. Артынша сондай ескі-құсқыны неге жинамасқа деген ой келді. Сол қиялым бүгін үлкен бір жобаға айналды.

Өткен ғасырдан сыр шертетін, көненің көзіндей сақталған түрлі тұрмыстық және өндірістік затты мұнда жиі кездестіресіз. Ал жәдігерлердің денін құрылысшылар ескі үйлермен ғимараттарды бұзу кезінде тауып алған. Жарамсызын жеке қаражатына жөндеткен.

Музыкалық аспап, күйсандық, фотоаппарат, қабырға және қол сағаты, самауыр мен үтіктер. Әр кезеңге жататын осындай жәдігерлер музейде тұр. Тіпті майданнан жеткен хат та сақтаулы. Ал экспонаттың көнесі – бір жарым ғасырға жуық тарихы бар Харьков қаласында басылған газет.

СЕРГЕЙ ТИМОФЕЕВ, ҚҰРЫЛЫСШЫ:
— 1883 жылғы «Южный Край» газеті. Оны Солтүстік Қазақстанға қоныс аударушылар ала келген. Біз бұл басылымды ескі айна артынан тауып алдық. 150 жылға жуық уақыт өтсе де, керемет сақталған. Әлі күнге дейін оқуға болады.

Бүгінде музейге қойылған экспонаттың санында шек жоқ. Құнды заттарды соңғы кездері қала тұрғындары да әкеліп тапсырып жүр.

СЕРГЕЙ ЮДИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бұл – «Урал» өндірісінің бас гитарасы. 1982 жылы жасалған. Аспап әкемнен қалған. Өзіме жаңасын сатып алғанан кейін, оны осы музейге тапсыруды жөн санадым.

Ретро-музейде жәдігерлерден бөлек оқулық та көп. Ал оларды кейіпкеріміз болашақта кітапханаға өткізуді жоспарлап отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал