Алматыда 19 елдің жас гроссмейстері бас қосады

8 тур, швейцар жүйесі және әр жүріс үшін санаулы секунд. Алматы төрт құрлықтың бірі болып, жаһандық шахмат маусымын ашты. 8 бен 14 жас аралығындағы мектеп оқушылары кәсіби деңгейде қалайша стратегиялық ойын көрсетеді? Қазақстанның шахматты білім беру жүйесіне енгізуіне әлем неге қызығып отыр?
Турнирге 19 елден 26 мектеп командасы қатысады. Австралия, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Пәкістан, Сингапур, Өзбекстан және өзге де ел бар. Сондай-ақ Бангладеш, Қытайдың Гонконг арнайы әкімшілік ауданы, Непал, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Филиппин және Шри Ланка командасы қатысады. Барлық қатысушы – 8-14 жас аралығындағы мектеп оқушылары.

ЕЛСҰЛТАН ҚАЛИАХМЕТ, ТУРНИР ҚАТЫСУШЫСЫ:
— Шахматпен 4 жасымнан бері айналысамын. 9 жыл болып қалды. Қазақстан чемпионатында блицте 3-орын алғанмын. 6 жасқа дейінгі классикалық түрден 3-орын алғанмын. Әр қарсылас мықты деп ойлаймын. Себебі осы жарысқа шетелдерден командалар келе жатыр. Командамнан және өзімнен жақсы ойын күтемін.

FIDE және ISCF 2026 осы жылды Білім берудегі шахмат жылы деп жариялады. Азиялық кезеңді ұйымдастыруға Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі үлес қосты.

ТИМУР ТУРЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстанның жаһандық мектеп шахмат маусымын ашуы кездейсоқ емес. Соңғы үш жылда біз шахматты ұлттық білім беру ортасының толыққанды элементіне айналдыратын жүйе құрдық. Өз әдістемесі, мұғалімнің біліктілігі және тұрақты өңірлік желісі бар. Президенттің қолдауымен біз тек бастаманы елдің әр түкпіріне жеткіздік.

Турнир 8 турдан тұратын швейцар жүйесі бойынша өтеді. Әр партияға 45 минут беріледі. Әр жүріске 10 секунд қосылады. Жеңіс үшін командаға 2 ұпай, тең ойын үшін 1 ұпай беріледі. Биыл төрт құрлық – Африка, Америка, Азия және Еуропа – өз іріктеу кезеңін өткізеді. Әр құрлықтың жеңімпазы желтоқсанда Гранд-финалда кездесіп, мектеп командалары арасындағы әлем чемпионы атағын сарапқа салады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал