Жерден ең алыс қашықтық: «Artemis II» жаңа рекорд орнатты

Айды игерудің жаңа дәуірі басталды. «Artemis II» миссиясының астронавтары Айды айналып өтіп, бұрын-соңды болмаған қашықтықты бағындырды.
Жарты ғасырда адамзат қайтадан Айға жақындады. Бұл NASA ұйымдастырған тарихи миссия – «Artemis II»-нің жемісі. Соңғы рет адамзат Айды 1972 жылы «Апполон-17» ғарыш кемесі айналып шыққан еді. Енді жаңа буын ғарышкерлері сол ерлікті заманауи технологиямен қайта жүзеге асырды. Миссияға 4 ғарышкер қатысты: командир – Рид Уайзман, ұшқыш – Виктор Гловер, арнайы маман – Кристина Кук және канадалық астронавт Джереми Хансон. Олар 1 сәуір күні «Orion» ғарыш кемесімен, АҚШ-тағы Kennedy ғарыш айлағынан ұшырылды. Бұл сәтті әлем бойынша миллиондаған адам тапжылмай күтіп, тікелей эфир арқылы тамашалады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
— NASA командасын және біздің батыр ғарышкерлерімізді «Artemis II» миссиясының сәтті ұшырылуымен құттықтағым келеді. Бұл – шынымен де ерекше оқиға. Бұл – таңғаларлық жетістік. Олар қазір жолда, Бұлар – нағыз қаһармандар.

Ұшу шамамен 10 тәулікке жоспарланған. Ал 7 сәуірге қараған түні экипаж адамзат тарихындағы жаңа рекорд орнатты. Олар Жерден 406 771 километр қашықтыққа дейін алыстап, осыған дейінгі «Апполон-17» миссиясының көрсеткішін жаңартты. Айды айналып ұшу кезеңі шамамен жеті сағатқа созылды. Осы уақыт ішінде астронавтар ғылыми зерттеулер жүргізіп, Ай бетіндегі 30-дан астам нысанды суретке түсіріп, Жер орбитасынан да ерекше суреттермен бөлісті.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сіздер тарихқа ендіңіздер. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде Айды алғаш рет айналып өтіп, Жерден ең алыс қашықтық рекордын орнаттыңдар. Бұл ештеңемен салыстыруға келмейді.

Айды игеру – тек алғашқы қадам. Болашақта Америка Ай бетінде тұрақты база құрып, кейін Марсты және Күн жүйесінің басқа да аймағын зерттеуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта ғарыш кемесі Айды бақылау кезеңін аяқтап, Жерге қайтып келе жатыр. Бұл сапар — тек ғылыми жетістік емес. «Artemis II» – адамзаттың жаңа ғарыш дәуірінің басталуы және болашақта Ай мен Марсқа жасалатын сапардың негізі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал