Қ. Тоқаев АҚШ пен Иран арасындағы келісімді қолдайды

Бүгін халықаралық аренада маңызды келісім жасалды. Иран мен Америка Құрама Штаттары әскери шабуылдарды екі аптаға тоқтатуға келісті. Еске сала кетейік, осыған дейін АҚШ Президенті Иран билігіне ультиматум қойған. Ол Ормуз бұғазы ашылмаса, қатаң шаралар қолданатынын мәлімдеген. Алайда Пәкістан тарапының арағайындық етуімен, екі ел келіссөз жүргізіп, уақытша бітімге келді.
10 сәуірде Иран мен АҚШ Исламабадта ресми келіссөздер өткізеді. Бұған дейін Иран соғысты толық тоқтату үшін 10 тармақтан тұратын талап қойған. Ақ үй бұл ұсынысты мақұлдап, алдағы кездесуде дәл осы мәселелер талқыланбақ. Президент Дональд Трамп бұл бастаманы маңызды қадам деп бағалады. Айта кетейік, АҚШ президенті Тегеранға Ормуз бұғазын ашу жөнінде шарт қойған еді. Егер ол орындалмаса, Құрама штаттары Ислам республикасы аумағындғы электр станциялар мен көпірлерді қирататынан мәлімеген. Алайда қос мемлекет ортақ тіл тауып, әскери шабуылды екі аптаға тоқтатуға келісті. Кикілжіңді бейбіт жолмен шешуге Пәкістан арағайын болды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен және фельдмаршал Асим Мунирмен болған келіссөздердің қорытындысы бойынша мен Иранға жасалатын әскери шабуылдарды екі аптаға тоқтатуға келісемін. Екі апталық үзіліс ұзақ мерзімді бейбітшілік туралы түпкілікті келісім жасауға мүмкіндік беруге тиіс. Себебі біз әскери міндеттердің барлығын орындап қана қоймай, артығымен жүзеге асырдық. Қазір Иранмен ұзақ мерзімді бейбіт келісімге және Таяу Шығыста тұрақтылық орнатуға айтарлықтай жақындадық.

Біріккен Ұлттар Ұйымы АҚШ пен Иран арасындағы бітімді құптады. Ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш екі аптаға жарияланған келісімді оң қадам деп бағалады. Ол Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысушы барлық тарапты халықаралық құқық талаптарын сақтауға және келісімшарттарын толық орындауға шақырды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Иран арасындағы келісімді қолдайды. Мемлекет басшысы әлемдік сауданың дамуына және барлық мемлекеттің экономикалық өркендеуіне жағдай жасау мақсатында қол жеткізілген бітімгершілік келісімнің ұзақ мерзімді сипатқа ие болатынына үміт білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф пен Пәкістан Қарулы күштерінің бас қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунирдің араағайындығы арқылы Таяу Шығыстағы соғысты толық тоқтату және бітімге келу туралы келісімге қол жеткізілуін құптаймын. Бұл келісім АҚШ Президенті Дональд Трамптың және Иранның жоғарғы басшылығының, сондай-ақ әскери қақтығысқа қатысқан елдердің ізгі ниеті мен парасаттылығының арқасында мүмкін болды.

АҚШ пен Иран арасындағы екі апталық бітім туралы мәлімдемеден кейін әлемдік нарықта брент маркалы мұнай бағасы 17 пайызға арзандады. Ал доллар бағамы беки түсті. Бұл – мұнай экспорттаушы елдер үшін, әрине, құптарлық құбылыс. Әлемдік экономикаға тікелей ықпал ететін мұнай нарығындағы өзгерістің Қазақстанға әсері қандай болмақ? Сарапшы пікірін білейік.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ САРАПШЫ:
— Мұнай бағасының төмендеуі экспорттық табысымызды төмендетіп, теңгені әлсіретуі мүмкін. Өз кезегінде бюджеттегі кірісті төмендетеді. Оң әсері, әрине, ол әлемдік процеспен тікелей байланысты. Инфляциялық қысымнан біз азаямыз. Халықтың төлем қабылетіне әсерін тигізуі мүмкін.

«АҚШ пен Иранның арасындағы қарым-қатынастың бейбіт түрде шешілуі жаһандық нарықтың тұрақты боуына тікелей әсер етеді», — дейді сарапшы. Қалай болған күнде де, ендігі жағдай екі аптадан кейін белгілі болады. Ал уақытша болса да, оқ атпау туралы жасалған келісімге ең әуелі парсы халқы қуанышты. Иран жұрты көшеге шығып, қақтығыс отының тоқтағанына риазышық білдіріп жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал