Петропавлда жаңадан салынған балабақша жұмыс істемей тұр

Петропавлда жаңадан салынған балабақша жұмыс істемей тұр. Нысан былтыр салтанатты түрде ашылса да, бөбектерді әлі қабылдамаған. Салдарынан ата-аналар балаларын қаланың басқа шетіне тасымалдауға мәжбүр. Мәселе қашан шешіледі?
Былтыр бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұқбат берген білім басқармасының басшысы мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеме жаңа жылдан жұмысын бастайды деген еді. Алайда содан бері міне 5 айға жуық уақыт өтті, бөбекжай әлі жабық тұр.

280 орындық балабақша қайтарылған актив есебінен тұрғызылды. Оның құрылысына арнайы қордан 2 миллиард теңге бағытталды. Былтыр нысанның таспасы қиылып, салтанатты түрде ашылған еді. Шараға тіпті облыс әкімі де қатысқан болатын.

Қалаға кіре берістегі «Жас Өркен» – жаңадан құрылған ауданның бірі. Бұрын жеке сектор болатын. Артынша жер үйлер жаппай сүріліп, орнына көпқабатты баспаналар мен әлеуметтік нысандар тұрғызылды. Халықтың сұрауымен бөбекжай да салынды. Алайда тұрғындардың қуанышы көпке созылмады.

ҒАБДОЛУАХАБ ҚОШАҒАЛДЫНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Әлі істемей тұр. Балалардың келіп-шыққаны көрінбейді. Біз немерелерімізді орталыққа апарамыз. Жақын жерден ашылғанына қуанған едік. Жабылып қалғаны дұрыс емес.

Бөбекжай айналасы толық абаттандырылмаған. Ал білім беру мекемесі жұмысын бастамаудағы негізгі себеп – құжат дайын емес.

ДИНАРА РАҚЫШЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Филиал ретінде ашылуды жоспарлаған едік. Бірақ заң өзгерді. Қазір мораторий шешілді. Содан кейін құжаттармен уақыт созылып кетті. Техпаспортты рәсімдеуге өтінім берілді. Келесі аптада санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыға өтінім беріледі.
Жалпы, облыс орталығында балабақша мәселесі өткір. Қазір шаhарда екі мыңға жуық бала кезекте тұр.

САМАТ ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Дегенмен жауаптылар балабақшаның нақты қай айда, қай күні ашылатынын әлі күнге дейін дөп басып айта алмай отыр. Сондықтан ата-аналарға балаларын басқа ауданға тасымалдауға тура келеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал