Енді кез келген адам психолог бола алмайды. Қазақстанда бұл саланы қатаң реттейтін жаңа заң әзірленді. Мәжіліс қарауына түскен құжат жалған мамандарға тосқауыл қоймақ. Сонымен, психологтардың қызметі қалай реттеледі?
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Мәжілісте ұсынылған заң жобасына сәйкес, психолог болып жұмыс істеу үшін міндетті түрде жоғары білім қажет. Сонымен қатар, әр маман арнайы мемлекеттік реестрге тіркелуі тиіс. Тізімге енбегендерге қызмет көрсетуге тыйым салынады. Ал мамандар әр бес жыл сайын біліктілігін арттырып отыруы керек.
Психологтар реестрін еңбек министрлігі құрады. Тізімді кез келген адам қарай алады. Психологтың аты-жөнін теріп, тексереді. Реестрде жоқ психолог заңсыз жұмыс істеп жатыр деген сөз.
Ал адам жанын емдеймін деп, денсаулығына зақым келтірсе, ондай психолог қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Депутаттар мұны заң жобасына міндетті түрде енгізу керек деп есептейді.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Психологтардың болмысы қандай? Адамның психологиялық жағдайын көтеру, жақсарту ғой, ал кейбір психологтардың іс-әрекеті нәтижесінде керісінше адам құрдымға кетіп қалады.
Заңға кәсіби құпия нормасы да енгізілмек. Яғни психологқа айтылған жеке ақпарат заңмен қорғалады. Оны жариялағандар қатаң жауапқа тартылады. Ал коучтарға келсек, олар да назардан тыс қалмайды. Бірақ олардың қызметі психологтардан бөлек қарастырылады. Яғни коучтар адамның күйзелісі мен терең психологиялық мәселелерімен айналыса алмайды.
АЙНА МЫСЫРӘЛІМОВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Психолог өз қызметі аясында психодиагностика жүргізуге, кеңес беруге, психокоррекциялық әдістерді қолдануға, оңалту, дағдарыстық және шұғыл көмек көрсетуге құқылы. Бұл қызметтерді жеке практика арқылы да көрсете алады. Ол жеке қызмет барысында психологиялық қызмет көрсету туралы алушымен міндетті түрде шарт жасасуы тиіс.
Тағы бір маңызды норма – психологтарға дәрі жазуға тыйым салынады. Ал балаларға көмек тек ата-анасының рұқсатымен көрсетіледі.
АЙГҮЛ АСҚАРҚЫЗЫ, БАЛАЛАР ПСИХОЛОГЫ:
— Мен балалар психологиясымен айналысып жүргеннен кейін, бізде, тек сертификатпен шектеліп жүрген, балалардың психологиясына көмектесем деп жүрген мамандар қаншама? Ол кісілердің кемі екі жылдық академиялық білімі болмағаннан кейін, баланың тағдырына, денсаулығына жауап беруге құқы жоқ. Себебі баланың тағдыры, денсаулығы немесе психикасы терең зерттеулерді қажет етеді. Сондықтан бұл заңнаманы мен өз басым қолдаймын.
Ресми дерекке сай, елде қазір 23 мыңнан астам психолог жұмыс істейді. Тағы 48 мыңға жуық адамда арнайы білім бар. Бірақ олардың бәрі бірдей кәсіби қызмет көрсетіп жүрген жоқ. Жаңа заң осы бейберекет нарықты тәртіпке келтірмек. Заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Жоба авторлары бүгінгі ескертулерді есепке алып, құжатты екінші оқылымға дайындайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.