Көшеде бетті жауып жүру заңсыз. Алдымен ескертіледі. Кейін 43 мың теңге айыппұл салынады. Елімізде бетін тұмшалап жүретіндерге заң талабы қатайды. Полиция медициналық маска таққандарды қалай тексереді және дәрігердің рұқсатынсыз бетперде киюге неге болмайды?
Енді қоғамдық орында бет-жүзіңді толық жабуға тыйым салынады. Себебі бұл бейнебақылауға және тұлғаны тануға кедергі келтіреді. Полиция: «Мұндай жағдай құқық бұзушылық пен қылмысты ашуды қиындатады»,- дейді. Қаскөйлер бет-жүзін жасыратын киімді қасақана пайдаланып, ұрлық, тонау, алаяқтық әрекеттерге барады. Осыған байланысты тыйым салынатын киім түрлері нақтыланды.
ШҰҒЫЛА ТҰРЛЫБЕК. ІІМ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Ол ниқаб, бурка, балаклава немесе дәрігердің жазбасынсыз медициналық бет перделер. Мұндай заттар бейнебақылау жүйесінің жұмысына кедергі келтіріп, адамның жеке басын тану, бет әлпетті анықтау сияқты жүйелердің жұмысын артқа тартып және қылмысты дер кезінде ашуға мүмкіндік бермейді. Дәл осы құқық бұзушылықты жасағаны үшін алғашында ескерту беріледі, ал екінші бөлігі бойынша осы құқық бұзушылықты бір жыл ішінде, яғни ескерту алғаннан кейін қайталап жасайтын болса, 10 АЕК айыппұл салу көзделген.
Дегенмен бет-әлпет ашық болған жағдайда дәстүрлі, діни немесе ұлттық киімге тыйым жоқ. Депутаттар бұл халықаралық тәжірибеде бар ереже екенін айтып отыр.
ҮНЗИЛА ШАПАҚ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Негізі заңды жазған кезде әрқашан қоғамның пікірі ескеріледі. Қоғамда болып жатқан жағдайларға байланысты бет-ауызын тұмшалап алу үрей тұдырады.
Ал адвокаттар мұндай өзгеріс екі жағдайда енгізілетінін айтады. Бірі шетелдік тиімді тәжірибеге сүйенгенде немесе ел ішінде нақты қажеттілік туындағанда.
Айта кетейік, талап қызметтік міндетін атқарып жүргендерге, концерттік және спорттық шараларға қатысушыларға, сондай-ақ суық мезгілде бет-жүзін жабуға мәжбүр азаматқа қолданылмайды. Яғни тыйым тек құқық бұзушылық мақсатында бетін жасыратын тұлғаларға қатысты. Полиция тұрғындарды бұл талапқа түсіністікпен қарап, талапты ескеруге шақырады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.