Ақмола облысы Зеренді ауданындағы Игілік ауылы тұрғындарының шағымы ақыры ескерілді. Біз ауыл тұрғындарының су тасқынынан бүлінген жолдың жанында жиналғанын айтқан едік. Бұл мәселе өткен айда да көтерілген. Сол кезде тасқын су өткен жылы 14 миллион теңгеге салынған жаңа су өткізу құрылысын бұзып кеткен еді. Нысан Игіліктен Көкшетауға шығар тас жолында орналасқан. Алайда ол еріген қар суының қысымына шыдамай, істен шықты. Соның салдарынан ауыл тұрғындары жол қатынасынан айырылды. Жергілікті билік өкілдері екі апта бұрын жолды қалпына келтіреміз деп уәде бергенімен, нақты жұмыс жүргізілмеген. Бұған наразы болған тұрғындар қайтадан шағымданды. Нәтижесінде өңірдегі тілшімізге жергілікті әкімдік мәселе жақын арада шешілетінін хабарлады. Қазіргі уақытта оқиға орнына арнайы техника мен жұмысшылар тартылып жатыр.
СЕРІК ИСАХАНОВ, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бүгінгі таңда кепілдік міндеттемесіне сәйкес, барлық қалпына келтіру жұмысы мердігердің есебінен жүргізіледі. Салдарын жою жұмыстары бүгіннен басталады. Сондай-ақ мердігер ұйым бұл нысанға қажет техника мен маманды жұмылдырады. Қысқа мерзім ішінде қалпына келтіріп, жолдың осы бөлігінде көліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.