Freedom Holding Corp. цифрлық технологияларды дамыту бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Биыл күзде Freedom SuperApp қосымшасында жасанды интеллект негізіндегі ассистент іске қосылмақ. Бұл азаматтарға қызметтерді жылдам әрі тиімді алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ цифрлық жүйе аясында қолжетімді ипотека бағдарламасы да ұсынылған. Бұл бастамалар Астанада «Freedom Inside» халықаралық форумында талқыланды. Іс-шараны Freedom Holding Corp. ұйымдастырды.
«Freedom Inside» 2026 халықаралық форумы – бизнес, мемлекеттік қызмет өкілдері, инвесторлар мен технология саласының мамандарын бір алаңға жинаған іс шара. Қатысушылар цифрлық сервистерді дамыту мен технологиялық өнімдер нарығының болашағын талқылады. Freedom Holding Corp. өздерінің қаржылық және технологиялық қызметтерін біріктірген Freedom цифрлық экожүйесінің жаңалықтарын таныстырды. Биыл күзде SuperАpp қосымшасынының қолданушыларына жасанды интеллект ассистенті жүйесі қолжетімді болмақ.
ТИМУР ТУРЛОВ, FREEDOM HOLDING GORP. БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Жасанды интеллектіге негізделген ассистент цифрлық трансформацияның негізгі қозғаушы күшіне айналмақ. Әрбір азаматтың жеке цифрлық көмекшісі күнделікті міндетті жеңілдетеді. Сонымен қатар жасанды ассистент денсаулық жағдайына қатысты талдау жасап, дәрігерге қашан қаралу керектігін ұсынады. Қажет болған жағдайда, тиісті ақпаратты жедел тауып, дәрігер қабылдауына жазылуға немесе телемедицина арқылы кеңес алуға мүмкіндік береді.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев баяндама жасап, еліміздің цифрлық саладағы жетістіктеріне тоқталды. Оның сөзінше, Қазақстан бұл бағытта көш бастап келе жатқан ел қатарында. Әсіресе стартап пен инновациялық экожүйені дамытуда нәтиже бар.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
— Freedom Holding Corp. мемлекеттік қызметтерді дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Компания Оpen AI жүйесі арқылы жекеменшік банктің, мемлекеттік сервис пен дерекқордың өзара ықпалдасуына мүмкіндік жасады. Бұл қадам жеке сектормен бірлесіп, азаматқа ыңғайлы өнім мен қызметті қайта әзірлеуге жол ашты. Мемлекеттік қызмет бұрынғыдан да жылдам әрі қолайлы болмақ. Мұндай ынтымақтастық жаңа тәсілді енгізуге, қызмет көрсету жылдамдығын арттыруға және мемлекеттік қызметтің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Форум аясында жаңа цифрлық шешімдер таныстырылып, инвесторлар мен кәсіпкерлер арасында нақты серіктестік орнатуға мүмкіндік жасалған. Бүгінгі басты мақсат – технология арқылы экономиканы жаңа деңгейге көтеру. Сарапшылар мен сала мамандары жаһандық трендтерді саралап, жаңа мүмкіндіктерді қарастырды.
ТИМУР ТУРЛОВ, FREEDOM HOLDING GORP. БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Freedom SuperApp қосымшасы арқылы қолжетімді ипотека бағдарламасы ұсынылған. Яғни зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып 6-10 пайыз мөлшерлемемен несиелендіру тетігі қарастырылған. Freedom Holding Corp. құрылыс компанияларының бірімен меморандумға қол қойды.
Форум тек іскерлік бағдарламамен шектелген жоқ. Қатысушылар үшін еркін пікір алмасып, жаңа идеялармен бөлісуге арнайы алаң ұйымдастырылды. Қонақтарға интерактивті аймақ, технологиялық көрсетілім және кәсіби нетворкинг мүмкіндіктері жасалды. Спикерлер нақты кейспен бөлісіп, цифрлық технологияны енгізудің тиімді жолын талқылады. Freedom Inside форумының арнайы қонағы Димаш Құдайберген болды. Ал кешкі бағдарламада шараның хедлайнері – әнші Молданазар өнер көрсетті. Бұл іс-шара іскерлік байланыстарды нығайтып, жаңа цифрлық шешімдерді таныстыруға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.