Ғалымдар импорттық өнімге тәуелділікті азайту үшін дәстүрлі шұбат, қымыз және саумалдың құрамын зерттеп жатыр. Жаңа өнім сүт тағамдарының дәмі мен сапасын жақсартып, отандық брендтің бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ.
Елімізде сүт өнімін өндіретін кәсіпорынның басым бөлігі импорттық ашытқыны пайдаланады. Мұндай өнім әрі қымбат, әрі жергілікті тұрғынға ағзасына сай келе бермеуі мүмкін. Осы мәселені шешу үшін ғалымдар өзіміздің ашытқыны әзірлеуге кірісті.
АЙДАНА ӨТЕБАЕВА, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:
— Біздің мақсатымыз – импорттық ашытқыларға деген тәуелділікті азайту. Сондықтан біз Түркістан өңіріндегі шаруа қожалықтарынан алынған шұбат, қымыз, саумал сияқты дәстүрлі сүт өнімдерінен микроорганизмдерді бөліп алып, оның қасиеттерін зерттеп жатырмыз. Бұл жобадан қандай нәтиже күтеміз – өнімнің сапасын, Қазақстан сүт өнімдерінің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекелестікке қабілеттілігін жақсартады.
Шұбат, қымыз, саумалдан алынған микроорганизм ашытқының негізіне айналады. Бұл ұлттық өнімнің табиғилығын сақтауға мүмкіндік береді. Өнімнің дәмі, иісі мен сапасына қалай әсер ететінін зерттеп, тиімді комбинациясын қалыптастыруға тырысып жатыр.
АЙДАНА ӨТЕБАЕВА, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:
— Пробиотикті ашытқыға қосып жатырмыз. Бұл өзіндік дәмін береді. Мұның ішінде лактококус, лейконосток дегендер өнімнің дәмін, иісін қалыптастыруға көмектесетін микроорганизмдер бар. Осыларды біріктірудің арқасында ашытқы шығарамыз.
Отандық ашытқы қауымдастығын әзірлеу жобасы бойынша 8 адам жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде жергілікті және шетелдік жас ғалымдар мен докторанттар бар. Жобаға грантпен қолдау көрсетілген.
БАҚЫТЖАН АСЫЛБЕКОВ, ЖОО ӨКІЛІ:
— 23 ғылыми зерттеу лабароториясы мен ғылыми орталық бар. Ол жерде 90-ға жуық ғылыми қызметкер қызмет атқарады. Әрине, оның ішінде біздің негізі мақсаттарымыздың бірі – ғылыми зерттеу жұмыстарына жас ғалымдарды, яғни, докторант, магистранттарды, сонымен қатар студенттерді тарту.
Жалпы, 75 ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар ақпараттық технология, химия өндірісі, жасыл энергетика және экономика секілді бірнеше саланы қамтиды. Жоба саны өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артқан. Жалпы қаржыландыру көлемі 1 млрд 800 млн теңгеге жуық, бұл ғылымға деген қызығушылық пен қолдаудың артқанын көрсетеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.