Бота емес, бата ал! Астанада ұлттық мұраны ұлықтаған «Батамен ел көгерер» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Қазақтың ақ батасы қалайша жаңа форматта жаңғырды?
Астанада 500-ге жуық үміткер қатысқан «Батамен ел көгерер» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жобаның басты мақсаты – ежелгі бата беру дәстүрін жаңғырта отырып, қоғамда «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» құндылығын дәріптеу.
ҚУАНЫШ ҚАБЫКЕНҰЛЫ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
– Бұл көне дәстүрімізді жаңа технологиямен астастырған конкурс деп айтуға болады. Өйткені батагөйлер конкурсының шартында бізге әр өңірден, әр ауылдан, интернет жеткен кез келген Қазақстанның қиырынан арнайы телеграм ботқа қатысушыларымыз өзінің баталарын жіберді. Бата – тек ағайынның ақ тілегі ғана емес, сонымен қатар елдік мұраттың жаршысы.
Жеңімпаздар Наурызнама аясында бір ай бойы өңірлерде өткен іріктеу кезеңінің нәтижесінде белгілі болды. Үздік шыққандар марапатқа ие болып, жиналған қауымға рухани азық болар ақ батасын берді.
БЕРІК БАЙЫЛОВ, БАЙҚАУ ЖҮЛДЕГЕРІ:
– «Алдыңа атаң келсе, оның ботасын алма, батасын ал. Күндердің күні болғанда ботасы өліп қалады, батасы басыңа батпандай бақ болып келіп қонады» дейді. Атаулы сөз – баталы сөз деген де бар. «Баталы жанға бақ қонар», — дейді біздің дана халқымыз. Сондықтан да батаның маңызы өте зор.
Бұл жоба – ұлттық мұраны ұлықтап, халықтық дәстүрді жаңғыртуға бағытталған маңызды мәдени бастама. Ұйымдастырушылардың айтуынша, батагөйлер өнері алдағы уақытта да кеңінен насихатталып, жаңа деңгейге көтеріле бермек.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.