Президент жас ғалымдарға пәтер кілттерін табыстады

Мемлекет басшысы Ақордада ғалымдармен бас қосты. Елімізде ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі беріледі. Ақордада Ғылым қызметкерлерімен болған басқосуда Мемлекет басшысы осылай деді. Жалпы кейінгі 5 жылда ғылым саласына бөлінетін қаржы көлемі 6 есе өскен. Зерттеу университеттерінің саны артты. Қасым-Жомарт Тоқаев жүйелі қолдау мұнымен тоқтамайтынын айтты.
Ғылымға бет бұру – өсіп-өркендеуге ұмтылған әрбір елдің тарихи міндеті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Ақордада отандық ғалымдармен кездесіп, құрмет көрсетті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазір осы залда түрлі салада зор табысқа жеткен зерделі зерттеушілеріміз отыр. Сіздер ұлт сапасын арттыруға, халықтың әл ауқатын жақсартуға мол үлес қосып келесіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Ақордада ғылым саласында айтарлықтай жетістікке жеткен және жоғары білімнің дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар марапатталды. Кәсіби мереке қарсаңында Президент оларға мемлекеттік наградалар табыстады. Жас ғалымдарға пәтер кілттері берілді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мен осы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Ғылымға бет бұру – өсіп өркендеуге ұмтылған әрбір елдің тарихи міндеті. Біз мұны жақсы түсінеміз. Мемлекет ғылым саласына үнемі қолдау көрсетуде. Кейінгі бес жылда осы салаға бөлінетін қаржы көлемі алты еседен асты. Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны көбеюде. Ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі берілетін болды. Алдымызда тағы бір маңызды міндет тұр. Біз жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысу үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет.

Бүгінгі салтанатты жиында Президент тағы бір жақсы жаңалықты жариялады. Атап айтқанда, жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізілетін болды. Ол білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал