Қосшыдағы Нұра көшесінде жол, жарық, ауызсу жоқ

Қосшы қаласының шетінде тұрып жатқан жұрт бірнеше жыл бойы өркениеттің жайлылығына мұқтаж. Мұндағы көшелердің бірінде жол, жарық, ауызсу жоқ. Тұрғындар әкімдікке талай рет жүгінген. Алайда нақты шешімнің орнына тек құрғақ уәде алған. Жылдар бойы шешілмеген мәселенің себебі неде? Оған кім жауапты?
Бұл – Қосшы қаласындағы Нұра көшесі. Кезінде жұрт осы маңнан жер алып, үй салған. Бірақ бүгінде мұнда адамға қажет ең қарапайым жағдайдың өзі жоқ. Ауызсу да, электр желісі де толық тартылмаған. Ал жолдың сиқы мынадай. Батпақ пен шұңқырлар. Тіпті жедел жәрдем көлігінің кіруі мұң екен. Көмек күтіп шаршаған жұрт ақыры өздері ақша жинап, көшенің бір бөлігіне жарық тартып, жолды да шамалары келгенше жөндеп алған.

Тұрғындар өздерін ұмыт қалдырған жергілікті билікке өкпелі. Әкімдікке талай рет барған. Бірақ нәтиже жоқ. Керісінше түйткіл көбейіп барады. Соның бірі – қараусыз қалған мына канал. Айтуларынша, осы уақытқа дейін мұнда бірнеше бала суға кетіп, мерт болған. Бірақ соған қарамастан, ешқандай қоршау да, қауіпсіздік шаралары да қарастырылмаған. Халық балалардың өміріне алаңдайды.
Ал әкімдік өкілдерімен өткен кездесуде де тұрғындар мардымды жауап естімеген. Басты мәселелер сол күйі шешілмей тұр. Уәде етілген жобалар қағаз жүзінде ғана қалған. Биыл да бұл көшеге асфальт төселмейтін болды.

АСХАТ ӘУЕЛБЕК, ҚОСШЫ ҚАЛАЛЫҚ ТКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Осы көше бойынша айтсақ, биыл асфальт салынбайды. Су мен канализация бойынша жоспар бар. Инвесторлар тартылып жатыр. Бірақ алдымен жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтуі керек. Қазір сол жұмыстар қаралып жатыр.

Жалпы Ақмола облысындағы Қосшы 2021 жылы облыстық маңызы бар қала мәртебесін алған. Ресми дерек бойынша, мұнда 60 мыңнан астам адам тұрады. Бірақ бейресми мәліметке сай, халық саны әлдеқайда көп. Салдарынан инженерлік желілер қазірдің өзінде шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп тұр. Ал болжам бойынша, 2038 жылға қарай тұрғындар саны 150 мыңға жетуі мүмкін. Ал Нұра көшесінің тұрғындары болса, әзірге жол, жарық пен ауыз су мәселесі шешілсе екен деп үміттеніп отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал