Алматы метросының батыс бағытындағы құрылысы шешуші кезеңге өтті. Жаңа «Қалқаман» станциясы қаланың шеткері аудандарын орталықпен жалғап, мыңдаған тұрғынның уақытын үнемдемек. Бұл жоба кептелісті азайтып қана қоймай, мегаполистің экологиясын жақсартуға да септігін тигізеді. Бүгінде станциядағы негізгі құрылыс жұмыстары толық аяқталды.
Қалқаман метро станциясы қаладағы көптеген шеткері ауданды орталықпен байланыстырады. Мыңдаған тұрғын үшін бұл – жай ғана көлік емес уақыт пен қаражатты үнемдеудің тиімді жолы. Ал қала үшін көлік саны азайып, кептеліс сейіліп, ауа тазарады деген сөз.
Жер астындағы жұмыс оңай емес. Мұнда күн сәулесі түспейді, ал мамандар жұмысы қараңғылықта өтеді. Тау-кен шебері Мәди Кеңесбаев осы салада 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол техниканың модернизациялануы жұмыс қарқынын екі есе арттырғанын айтады.
МӘДИ КЕҢЕСБАЕВ, ТАУ-КЕН ШЕБЕРІ:
— Қазір тәулігіне 4 метрден қазып жатырмыз. Жұмыс барысы жылдам әрі сапалы болып жатыр. Оның себебі бәрі модернизация жасалған.
Құрылыс қарқыны шынымен де таңғалдырады. Бастапқыда екі жылға жоспарланған жұмыс небәрі 11 айдың ішінде аяқталған. Қазір мамандар станцияны абаттандырып, әрлеу ісі қайнап тұр. Инженерлік желілер қосылып, қауіпсіздік жүйелері тексеріліп жатыр.
АЛМАС БИМЕНДИН, БАС ИНЖЕНЕР:
— Тоннель өте қысқа мерзімде салынып бітті. Айына орта есеппен 120 метрден қазып отырдық. Рельс те, тоннель де дәл есеппен, жоспар бойынша салынды. Ендігі кезекте құрылысты «Барлық» станциясы бағытына қарай жалғастыруға толық мүмкіндігіміз бар.
«Барлық» станциясы бірінші тармақтың соңғы нүктесі болмақ. Алдағы уақытта метро желісі әуежайға, теміржол аялдамасына және жаңадан салынып жатқан смарт-сити «Алатауға» дейін тартылады деп жоспарланған. Ал жаңа «Қалқаман» станциясы жылдың соңына дейін жолаушыларды қабылдауы тиіс.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.