Астанада құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ауқымды рейд жүргізілді. Шара «Сарыарқа» ауданы прокуратурасының үйлестіруімен «Заң және тәртіп» бастамасына негізделген «Айқын нәтиже» жобасы аясында өтті. Негізгі мақсат – ойын-сауық орындарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Рейдке әкімдік, прокуратура мен полициядан басқа, кинологиялық қызмет және еріктілер қатысты. Алдымен олар бірнеше топқа бөлініп, қаладағы түрлі нысанға аттанады. Бір топ есірткі және кальян өнімдерін тұтыну деректерін тексерсе, енді бірі есепте тұрған азаматтарды анықтаумен айналысты. Сондай-ақ жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүруі де бақылауға алынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ БЕЙСЕНБАЙ, САРЫАРҚА АУДАНЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БӨЛІМ ПРОКУРОРЫ:
– Аудан прокуратурасы осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді және заң талаптарының сақтауына қатысты үздіксіз бақылауды қамтамасыз ете отырып, қатаң қадағалаумен жалғастырылады.
Бүгінде 20-дан астам ойын-сауық орны тексерілді. Олар: түнгі клубтар, караоке, лаундж-барлар және өзге де нысандар. Жалпы, жыл басынан бері «Астана – есірткісіз қала» жобасы аясында 20-ға жуық іс-шара өткізілген.
ДАМИР ХИСМАТУЛЛИН, «САРЫАРҚА» АУДАНЫ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
– Негізінен ойын-сауық мекемелерінде кальян пайдалану жағдайлары жиі анықталады. Анықталған фактілер учаскелік инспекторларға беріледі. Олар әкімшілік кодекске сәйкес хаттамалар рәсімдейді. Нәтижесінде, заң бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Мамандар: «Осындай жүйелі профилактикалық іс-шаралар қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді», — дейді. Сондықтан рейдтер алдағы уақытта да жалғасады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.