Жүгір, Астана! Елордада жазғы жүгіру маусымы ашылды. Спортты жаны сүйетін мыңнан астам адам Ботаникалық бақта жиналып, төрт шақырымды бірге жүгірді.
Астана тұрғындары бұл сенбіде таңмен таласа тұрды. «Esil RUN» жазғы жүгіру маусымы ашылады дегенді естіген жұрт жаппай Ботаникалық баққа асықты. Жасы бар, кәрісі бар жаттығу жасап, жаздың алғашқы жүгіру жарысына әбден дайындалды.
ҒАЛИОЛЛА ЫСҚАҚОВ, ЗЕЙНЕТКЕР:
— Жүгіруді 60 жасымда бастадым, 5 жыл болды. Жүгіру маусымына қыста да, жазда да дайынбыз. Марафон жүгіреміз, жартымарофон жүгіреміз. Бүгінгі көңіл күй жақсы.
ӘДІЛЕТ ЖАҚСЫБЕК, СТУДЕНТ:
— Мен тұрақты түрде спортпен айналысамын, велосипед айдаймын, көп жүгіремін, жүзумен айналысамын. Қамбар ата RUN-да халатпен жүгірген болатынмын. Адамдарға кішкене мотивация болсын дедім. Жұмыс, уақыт жоқ деген әңгіме сылтау секілді.
Жүгіруге 1500-ден астам адам тіркелген. Дене қыздырып болған соң, спортсүйер қауым 4 шақырымға жүгіре жөнелді.
ЕРЖІГІТ ӨСЕРБАЙ, СПОРТТЫҚ-БҰҚАРАЛЫҚ ІС-ШАРАЛАРДЫ ӨТКІЗУ ДИРЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Астана қаласы тұрғындары арасында бұқаралық спортты насихаттау, сонымен қатар «Заң мен тәртіп» акциясын кеңінен дәріптеу, халықты жаппай бұқаралық спортқа, бүгін демалыс күндерін көңілді, спорттық позитивте өткізсін деген жасалып жатқан іс-шара.
Бірінші болып мәреге әуежай қызметкері Әділ Ғабдышев жүгіріп келді.
Ал әскери қызметкер Ботагөз Ақжігітова әйелдер арасынан алғашқылардың бірі болды.
Астанада жүгіру спорты соңғы жылдары бұқаралық сипатқа ие. Қыстың бораны мен аязына, күз бен көктемнің желі мен жаңбырына қарамастан, жұрт Ботаникалық бақта жүгіруді әдетке айналдырған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.