Шынайы оқиғаға негізделген «Періште» фильмінің тұсаукесері өтті

Шынайы оқиғаға негізделген «Періште» фильмінің тұсаукесері өтті. Драма жанрындағы фильм көрерменді 90-жылдардың шынайы тыныс-тіршілігіне жетелейді. Туындыда отбасы құндылықтары мен қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен қозғалады.
Сценарийі бес жыл жазылған драма қалың көрерменнің қызығушылығын тудырды. Шынайы оқиғаға негізделген туынды 90-жылдарды бейнелейді. «Сол дәуірді қайта жандандыру ең күрделі жұмыстардың бірі болды», — дейді фильм продюсері.

ҚҰРАЛАЙ АНАРБЕКОВА, «ПЕРІШТЕ» ФИЛЬМІНІҢ ПРОДЮСЕРІ:
— Бұл киноға біз жанымызды салдық. Өйткені идея жақсы болғаннан кейін, режиссер: «Мықты мамандарды жинауымыз керек», — деді. Олар жұмыстарын 100% атқарып шықты.
Фильмнің тағы бір айрықша қыры – жаңа таланттардың танылуы. Бұл туындыда бұрын-соңды үлкен экранда көрінбеген бірқатар актер алғаш бой көрсетті. Соның бірі басты кейіпкер – Гүлсім. Бұл өте күрделі образдардың бірі. «Соған қарамастан, актриса өз рөлін жоғары деңгейде сомдап шықты», — дейді ұйымдастырушылар.

ШЕХНАЗ ҚЫЗЫХАНОВА, АКТРИСА:
— Гүлсім – шешуші кейіпкер. Өте қиын рөл болды. Бұл – отбасылық фильм, ең бастысы, бүкіл отбасы болып көру керек деп ойлаймын.

Драмаға толы картина отбасы құндылықтары, тәрбие және қазіргі қоғамдағы ер азаматтардың жауапкершілігі сынды өзекті тақырыптарды қозғайды. Көрермен де фильмнен алған әсерімен бөлісті.
Айта кетейік, фильмді 16 сәуірден бастап еліміздің барлық кинотеатрынан тамашалай аласыздар.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал