Петропавлда мүгедектігі бар жандардың жүріп-тұруы қиындады. Әлеуметтік мекемелерді айтпағанда, жаңадан салынған көпқабатты үйлерде тірек-қимыл аппараты зақымданған азаматтар үшін толыққанды жағдай жасалмай отыр. Ал орнатылған пандустардың өзі тиісті талаптарға сай емес.
Екі баланың анасы Дина Мезенбекова – бірінші топтағы мүгедек. Оның арбаға таңылғанына 7 жылдан асқан. Содан бері пандус аталатын баспалдақтың зардабын тартуда. Бірінші қабатта тұрса да, далаға емін-еркін шыға алмайды. Бұл баспана бірнеше жыл бұрын пайдалануға берілген. Сондықтан кейіпкеріміз осы үйден пәтер жалдаған. Алайда электрлі пандус істен шықұқан.
ДИНА МЕЗЕНБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Электрик тексерді. Қозғамаңыз, тоқ соғуы мүмкін деп ескертіп кетті. Ал лифтілерді қабылдайтын компания өкілдері бұл көтергіштің ешқандай талапқа сай келмейтінін айтты. Яғни бұл пандус аса қауіпті. Жауаптылар мәселеден құлағдар. Бірақ оны ешкім шешуге асығар емес.
Жалпы шаhарда мүгедектігі бар жандардың әлеуметтік мекемелерге кіріп-шығуларына да толыққанды жағдай жасалмай отыр. Оны қалалық мәслихат депутаты Сәлімхан Сәбитов та растайды. Мәдениет, денсаулық сақтау ғимараттары мен ойын-сауық орталықтарында кедергі көп. Сондықтан өзі секілді азаматтарды кез келген нысанның жобалық-сметалық құжатын мақұлдайтын комиссия құрамына енгізуді талап етіп отыр.
СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
— Мен болайын, көзі көрмейтін адам осындай комиссияның ішінде болса, мұндайға жол бермеуші едік. Нысанды бірден қабылдамаушы едік. Сондықтан келешекте артық шығындар болмаушы еді. Қала бойынша бұл жағдай өте өзекті мәселелердің бірі деп есептеймін. Себебі қаламызда ескі ғимараттар өте көп. Мен өзім бұл объектілерді қараған болатынмын.
Дәл осы пандус мәселесі бойынша қалалық әкімдікке хабарластық. Жергілікті билік өкілдерінің жауабы мынадай.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Жақын арада мердігер ұйым мен тұрғын үй инспекциясы мамандары электрлік пандустың техникалық жай-күйін анықтауға, ақауларды жоюға және қажет сынақтарды өткізуге барады. Стационарлық пандус туралы айтатын болсақ, тұрғын үйдің сметалық құжаттамасында ол қарастырылмаған. Сол себепті бұл мәселе алдағы уақытта мүлік иелері бірлестігі арқылы шешілуі керек.
Мәселе пандуспен бітпейді. Қалада қоғамдық көлік те қолжетімсіз. Өңірде бүгінде мүгедектігі бар 28 мың адам есепте тұр. Солардың 8 мыңы өздігінен жүріп-тұра алмайды. Сондықтан жанашырлар болашақта осы азаматтардың еркін қимылдауына қолайлы орта қалыптасуын қалайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.