Үкімет бағаны тұрақтандыру үшін кешенді шараларды күшейтпек

Инфляциялық қысымды төмендету керек. Үкімет бағаны тұрақтандыру үшін кешенді шараларды күшейтпек. Наурыз айының қорытындысы бойынша, инфляция деңгейі 11 пайызға дейін түскен. Алайда бұл жеткіліксіз. Билік бағаны бақылауды әрі қарай да күшейту қажет екенін айтып отыр.
Ел экономикасы жылды тұрақты өсіммен бастады. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнім 3 пайызға артқан. Қаржы министрінің айтуынша, Ұлттық қор трансферттерін есептемегенде, бюджетке 6 триллион 400 миллиард теңге түскен. Бұл жоспардан 4 пайызға артық. Яғни мемлекет күткеннен көбірек табыс тапты. Республикалық бюджетке 4 триллион 200 миллиард теңге түсті. Жергілікті бюджеттер де құр алақан емес. Жоспардан 193 миллиард теңгеге артық жинап, жалпы көлемі 2 триллион 300 миллиард теңгеге жетті. Салық түсімдері ерекше өсім көрсетті. Бір жылда 20 пайызға көбейіп, қазынаға қосымша 1 триллион теңгеден астам қаржы әкелген. Әсіресе импортқа салынатын қосылған құн салығы артқан. Бұл бағыттан қосымша 165 миллиард теңге түсті. Доллар күткендегіден арзан болып, шамамен 497 теңге деңгейінде қалыптасты. Бір қарағанда жақсы жаңалық сияқты. Бірақ бұл бюджет кірісін қысқартқан.

МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
— Заңнамаға сәйкес, мұнай түсімдерінің негізгі бөлігі Ұлттық қорға жіберіледі. Ал республикалық бюджет үшін оң әсерін тигізген, бұл мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы салығы, ол қосымша 40,5 млрд теңгені қамтамасыз етті. Сонымен қатар теңге бағамының орнықтылығы республикалық бюджет кірістеріне тежеуші фактор ретінде әсер етті. Есепті тоқсандағы бір доллардың орташа бағамы болжамды 540 теңгеден 497,7 теңге деңгейінде орын алуы, түсімдердің шамамен 146 млрд теңгеге дейін азаюына алып келді.

Үкімет енді жыл соңына дейін кемінде 5 пайыздық тұрақты өсімге қол жеткізуді басты мақсат етіп отыр. Наурыз айында инфляция 11 пайызға дейін түскен. Бірақ бағаны тұрақтандыру үшін билік бақылауды күшейтпек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу керек. Үкімет басшысы сауда министрі Арман Шаққалиевке осыны тағы бір еске салды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Арман Абайұлы, өткен аптада Сізге ірі көтерме базарларда тәртіп орнатуды тапсырған болатынмын. Жасыратыны жоқ, ол жерлерде ел айтып жүргендей, «ұйымдасқан топтар» заңсыз әрекет етеді. Көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да өнімдердің бағасы ешқандай негізсіз, қолдан көтеріледі. Міне, осыны нағыз делдалдық схемалар деп айтуға болады. Арман Абайұлы, Ішкі істер министрлігімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірге осы мәселемен нақты әрі жүйелі түрде айналысыңыз.

Олжас Бектенов сондай-ақ мораторий аяқталғаннан кейін Қазақстанда жанар-жағармай мен коммуналдық қызмет тарифтерінің күрт қымбаттауына жол бермеуді тапсырды. Ұлттық экономика, Энергетика және Өнеркәсіп министрліктері осы бағытта шаралар қабылдауы қажет. Ол қандай шаралар екені айтылған жоқ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал