Арнамызда керемет премьера! Әлем бойынша миллиондаған көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Алыс шаһар» түрік телехикасы алғаш рет қазақ тілінде көрерменге жол тартпақ.
2 жыл қатарынан Түркияда жоғары рейтинг көрсеткен «Алыс шаһар» телехикаясы енді қазақстандық көрерменге жол тартпақ. Бұған дейін тек Түркияда көрсетілген туындыны алғаш рет «Жетінші арна» эфирінен тамашалай аласыздар. Хикая Алья Альбораның жол апатынан қайтыс болған күйеуін туған жеріне әкелген сәттен басталады. Алғашқы минуттан-ақ замануи көзқарас пен ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрді берік ұстанатын әулеттің тартысына куә боласыз. Мардин шаһарының сұлуылығы, кейіпкерлердің алуандығы, сюжеттің ерекшелігі көрерменді бірден баурап алады.
СИНЕМ УНСАЛ, ТҮРІК АКТРИСАСЫ:
— Алья туралы айту өте қиын. Өйткені ол – керемет әйел. Яғни бір ғана ерекше қырымен дараланып тұр деу қиын. Мүмкін, оны мықты әйел деуге болар, бірақ жаттанды мағынада арзан теңеу болғанын қаламаймын. Ол – шын мәнінде не қалайтынын білетін, өз еңбегімен аяғына нық тұрған, отбасына қамқор бола алатын, өз мансабы бар, тәрбие көрген жан-жақты әйел. Әрі жауапкершілікті көтере білетін, не қалайтынын жақсы білгендіктен күресуден де тайсалмайтын, қорқыныш дегенді білмейтін, батыл әйел.
Жоба арнада екі тілде көрсетіледі. Қазір хикаяны арнамыздың дубляж бөлімі қазақ тілінде дыбыстауда.
АЙТОЛҚЫН ЫБЫРАЙ, ДУБЛЯЖ РЕЖИССЕРІ:
— Дубляж барысында біз әр кейіпкердің жан-тынысын шынайы қазақ тілінің үнді әуезімен ұштастыруға тырыстық. Әрбір кейіпкерге қойылатын талаптардың жөні бөлек.
Мамандардың айтуынша, дубляж кезінде тек аударма емес, ұлттық реңк те ескерілген. Бұл көрерменге телехикаяның нағыз амтосферасын сезінуге мүмкіндік береді.
ШЫНЫБЕК РАХМАШЕВ, ДУБЛЯЖ АКТЕРІ:
— Бұл сериалда мен 5 кейіпкердің дауысын дыбыстаймын. Ең басты мән беру керек дүние – сериалдағы ойнап жатқан актердің шынайы эмоциясын, образын дыбыс арқылы беру.
Ең қызығы, хикаядағы Альбора әулетінің үлкені, ең салмақты кейіпкері Садакат пен ең кішкентайы Денизді бір дубляж актрисасы дыбыстайды.
САЯ ТҰРҒАЗЫҚЫЗЫ, ДУБЛЯЖ АКТРИСАСЫ:
— Сериал жазған кезде бір-ақ кейіпкер емес, баладан бастап, жас қыз, үлкен кемпірге дейін дыбыстаймын. Өмірдегі адамдар сияқты әрқайсысының өз характері болады. Біреуі тез сөйлейді, біреуі өте байсалды сөйлейді. Сондықтан біз бірнеше кейіпкерді бір дауыспен емес, мың құбылтып дыбыстаймыз.
«Алыс шаһар» телехикаясының «Жетінші арна» эфирінен нақты қашан көрсетілетінін ертең айтамыз. Тағдыр талқысы, сезім тереңдігі және дәстүр мен заманауи өмір салтының тоғысқан тартысын көрсететін бұл туынды ешкімді бейжай қалдырмайтыны анық. Жаңа хикаяны өткізіп алмаңыздар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.