Тасқын қаупі толық сейілді деуге әлі ерте. Әсіресе Солтүстікте Есіл өзенінің деңгейі көтеріліп, Петропавл мен Қызылжар ауданындағы саяжайларға қауіп бар. Қазірдің өзінде қауымдастықтың бірімен байланыс үзілген. Себебі онда апаратын жолды қызыл су басып қалған. Осыған байланысты тиісті қызмет бақылауды күшейтті.
Өңірде қар еріп, мұздың көбесі сөгілгелі төтенше жағдайлар қызметінің мамандары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қазір олар Есіл өзенінде бақылауды күшейтті. Яғни құтқарушылар күндіз-түні қайықпен патрульдеп, мониторинг жүргізеді. Соңғы күндері Петропавл қаласы аумағында судың деңгейі көтеріле бастаған.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Өзен аумағында 45 саяжай қауымдастығы орналасқан. 229 адам жыл он екі ай осында тұрып жатыр. Қазір саяжайға қауіп төніп тұр. Сондықтан біздің қызметкерлер тұрғындардың әрқайсымен түсіндіру жұмысын жүргізуде.
Апат айтып келмейді. Сондықтан жауаптылар әр үйді жеке-жеке тексеріп жүр. Сүңгуірлер де сақадай сай. Ал адам бара алмайтын жерлер дронның көмегімен әуеден бақыланады. Ондағы басты мақсат – қайғылы жағдайлардың алдын алу.
АЛЕКСЕЙ ЗАПОРОЖЕЦ, САЯЖАЙ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Шынын айту керек, саяжай үйлері жылда су астында қалады. Сол себепті көктемнің басында дүние-мүлкімізбен, заттарымызды қауіпсіз жерге шығара бастаймыз. Қазір біздің қауымдастықта ешкім жоқ. Әзір жағдай тұрақты.
Тасқынға байланысты тәртіп сақшылары да тәуліктік қызметке көшті. Қалалық жағажай аумағындағы жолды су басқан соң, бұл жерге полиция бекеті қойылды.
СЕРІК ӘЛЖАНОВ, ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— Біздің мамандар тұрғындардың қауіпсіздігімен қоғамдық тәртіпке жауапты. Қазір қала іргесіндегі саяжаймен байланыс үзілді. Жол жабық. Сондықтан ешкімді кіргізбейміз. Тұрғындар түсіністікпен қарап жатыр. Әрі біз ұрлық-қарлықтың алдын аламыз.
Жалпы қазір аймақта жағдай тұрақты. Өңірдегі басты гидронысан Сергеев қоймасындағы судың деңгейі 65 см шамасында. Бірақ жақын күндері ол тағы көтеріледі деген болжам бар. Осылайша жауаптылар өңірде тасқынның екінші толқыны басталатынын ескертеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.