Астанадағы өрт: тергеу жүріп жатыр

Күйік иісі. Балқыған құбыр. Қара жамылған шаңырақ. Астанадағы көпқабатты үй өртеніп, үш бала қаза тапқалы үшінші күн. Қазір тергеушілер жұмыс істеп жатыр. Мәжіліс депутаттары шұғыл шара қабылдауды талап етті. Өрт сөндірушілерге жолдағы көліктерді өз күштерімен, есік терезесін бұзып, алып тастауға рұқсат беріле ме? Файр Лэйн жүйесі деген не?

СЫРНАЙ ЖАНАТХАН, ТІЛШІ:
– Біз өрт болған жерге келдік, дәл осы жерде 3 күн бұрын қатты өрт басталып, 3 бала қаза болып, ал анасы ауруханада жатыр. Дәл қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, сол себептен бізге кіруге рұқсат жоқ. Бірақ көргеніміздей дәлізде ремонт жұмыстары басталып кетіпті, мына жерде күйік иісі соншалықты қатты, таза ауа жұту үшін біз балконға шығып жатырмыз.

Кеше ғана 3 баланың өмірін жалмаған тілсіз жаудан кейін бұл жерде шынымен тыныстау ауыр еді. Бірақ өрттен кейінгі өмір жалғасуда. Көпқабатты үйде болған трагедия түні құтқарушылар үшін де оңай болған жоқ. Өрт өршіп барады. Жол жабық.

ҒАБИТ БАБАЕВ, ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Мұндай кедергілер барлық ірі мегаполиске тән. Оларға өрт сөндірушілер мен құтқарушылар ғана емес, басқа да төтенше жағдайлар қызметтерінің өкілдері де тап болады. Көлікті дұрыс қоймау ол жүргізушілердің жауапкершілігінде. Олар пайда болған кезде құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес оларды жоюға дереу шаралар қабылданады.

АЛЕКСЕЙ, КӨРШІСІ:
– Бүкіл су құбыры еріп кетті, қазір бізде құбыр жоқ. Біз қазір сумен не техникамен қолданбаймыз. Су жоқ. Себебі бәрі зақымданған, тіпті қайтадан жөндеуге келмейді. Біздің сантехник маманымыз КСК атынан өртенген пәтерге барып тексерді, оған ештене қозғамаңыз, тиіспеңіз тергеу жүріп жатыр деп рұқсат бермеді. Қазір сол пәтерде зертхана мамандары, криминалистер жұмыс істеп жатыр.

Қазір тұрғындар қайда барарын білмей отыр. Әкімдік тек өрт шыққан қабатты жөндеумен шектелген. Ал ауа тазалығы мен инженерлік жүйелерді кім жөндейді деп отыр. Ал қазір су жүйесі істен шығуына байланысты үйге толық оралу уақыты белгісіз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал