Қазақстанда қант бағасы өсті

Қазақстанда қант бағасы өсті. Ресми деректерге сүйенсек, жыл басында құмшекердің орташа бағасы 390 теңге шамасында болған. Ал сәуір айына қарай бұл көрсеткіш 430-440 теңгеге дейін көтерілді. Яғни небәрі бірнеше айдың ішінде 40-50 теңге қосқан. Қай өңірде қант қымбат, қайсысында арзан?
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Алматыдан бастайын. Бұл қалада қанттың ресми орташа бағасы – 451 теңге, дүкенде 500-550 теңгеге дейін барады. Бағаны ұстау үшін әкімдік тұрақтандыру қорындағы құмшекерді ірі супермаркетке таратып жатыр. Әлеуметтік қанттың бағасы 445 теңге деп белгіленген. Кейбір супермаркетте қантты 439 теңгеден де табуға болады.

Ұлттық статистика бюросының 8 сәуірдегі есебін қарасақ, ел бойынша қанттың орташа бағасы – 433 теңге. Ең қымбат қант Петропавлда – келісі 462 теңге. Одан кейін Өскемен, Жезқазған, Семей мен Көкшетау тұр. Ресми есепте бұл қалаларда құмшекер бағасы 452-458 теңге арасында. Бірақ Өскеменде кей жерде қант 480 теңгеден де сатылып жатыр.

Ең арзан қант Тараз қаласында – 386 теңге. Бұл ресми статистика. Ал дүкендерде қанттың келісі – 600 теңге. Орал мен Түркістан салыстырмалы түрде арзан өңірлер қатарында, бұл екі қалада қант 399-403 теңге тұрады. Павлодарда тәтті ұнтақ – 410 теңге, Қызылорда – 413 теңге. Астана, Шымкент, Қарағанды сияқты ірі қалада қант бағасы 435-440 теңге аралығында сақталған.

Ақтөбеде шекердің келісі статистика бюросының мәліметі бойынша – 420 теңге. Тұрақтандыру қорының қанты 380 теңге болса, дүкендерде 510 теңгеге дейін барады. Ал Ақтауда – 423, Атырауда – 432 теңге.

Өңірлер арасында баға айырмашылығы 70 теңгеден асады. Қант – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік. Сондықтан оның бағасы тұрақты бақылауда болуы керек. Әйтсе де, өсім тоқтар емес.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал