Қаржы нарығын тағы өзгерістер күтіп тұр. Мәжілісте рейтингтік қызметті реттеуге бағытталған жаңа заң жобасы таныстырылды. Бұл құжат не үшін қажет? Оның тиімділігі қандай?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Елімізде ұлттық рейтингтік агенттік құрылмақ. Осыған қатысты заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында қаралды. Құжаттың негізгі мақсаты – елдегі рейтингтік қызмет нарығын дамыту. Депутаттардың айтуынша, мұндай агенттіктердің жұмысы барынша ашық, түсінікті әрі әділ болуы тиіс.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова заң жобасындағы негізгі өзгерістерді рет-ретімен түсіндірді. Айтуынша, бұл құжат еліміздегі кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін алғаш рет жүйелі түрде құқықтық тұрғыдан реттеуге бағытталған. Жалпы, заң жобасы 7 тарау, 30 баптан тұрады.
МӘДИНА ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Жаңа рейтингтік агенттікті қаржы нарығының, инфрақұрылымның негізгі элементі болады деп есептейміз. Ол, ең біріншіден, қор нарығына шығатын эмитеттер үшін қажет. Қазіргі уақытта осы кредиттік рейтингті шетелдік кредиттік рейтингтен алған кезде оның құны өте жоғары болып тұр. Сол себептен орта және шағын бизнеске кедергі келтіреді.
Заң жобасы аясында кредиттік рейтингтік агенттіктердің үш деңгейлі моделі енгізіледі. Соның бірі – тәуелсіз ұлттық рейтингтік агенттік құру. Оның құрамына Ұлттық банк, халықаралық рейтингтік агенттіктер және өзге де қаржы ұйымдары енеді.
Сала мамандарының сөзінше, Қазақстанда әлі толыққанды ұлттық рейтингтік жүйе қалыптаспаған. Сондықтан мұндай агенттік қажет. Бұл экономикаға да оң әсер етеді. Дегенмен Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов агенттік уақыт өте тәуелсіз құрылымға айналуы тиіс деп есептейді.
ОЛЖАС НҰРАЛДИНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Ұлттық банктің құрамында болады деген мәліметтер шықты. Бастапқы ашылған кезінде Ұлттық банктікі болуы керек. Бірақ мерзім өткеннен кейін Ұлттық банк ол мекемеден шығуы керек.
Құжатта халықаралық рейтингтік агенттіктердің де қызметі қарастырылған. Атап айтқанда, Standard & Poor’s, Moody’s, Fitch Ratings сияқты ірі ұйыммен жұмыс істеу жоспарланып отыр. Жалпы, заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданды. Енді құжат екінші оқылымда қаралады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.