Бүгін – Ғашықтар күні. Елімізде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» мейрамының аталып жатқанына биыл 15 жыл. Қоғам белсенділерінің айтуынша, бұл күн – тек ғашықтардың мерекесі ғана емес, ұлттық рухани құндылықтардың көрінісі. Бүгінде бұл күн жастар арасында кеңінен насихатталып жатыр ма? Оның маңызы қандай?
Мерекелерде гүл сыйлау дәстүрі өз маңызын жоғалтқан емес. Гүл сатушылардың айтуынша, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні соңғы бес жылда айтарлықтай танымал бола бастаған. Сондықтан гүл дүкендерінде қарбалас басталып, тапсырыс көбейеді.
ДИАС МҰҚАТОВ, КӘСІПКЕР:
— Биыл да бұл мейрамда гүл шоқтарына деген тапсырыс аз болмады. Бұл күні жастар ғана емес, отбасылы жандар да бір-біріне гүл сыйлап, ілтипаттарын білдіріп, қуантуға асығады. Мәселен, биыл мереке қарсаңында бір мың раушан гүлі сыйға тартылды.
Соңғы жылдары 14 ақпандағы «Валентин күнінен» гөрі ұлттық нақыштағы «Қозы көрпеш – Баян сұлу» мерекесін асыға күтетін ғашықтар көбейген. Қуантады, әрине. Солардың бірі – астаналық Әділ Бөкеев. Биыл сүйіктісіне тосынсый дайындап қойған. Айтуынша, бұл мейрам – сезім мен сыйластықты дәріптейтін ерекше күн, сондықтан кеңінен насихатталуы керек деген пікірде.
ӘДІЛ БӨКЕЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Біздің ұлттық мереке, сол үшін мен де сүйіктімді басқа қалаға демалысқа апарайын деп жатырмын. Қозы көрпеш – Баян сұлу күні – тек жастардың емес, барлық ғашықтың күні. Ерлі зайыптылардың, ата-аналардың бір-біріне деген жылы сезімдерін білдіретін күні. Сол үшін бұл күнді бірге атап өту керек.
Соңғы жылдары бұл мерекеге деген қызығушылық артып жатқанын байқадық. Дәл осы күні бір-біріне сезімін білдіріп, ұсыныс жасап жатқан ғашықтар да көбейген. Ендеше, қоғамда бұл мерекеге деген көзқарас қандай?
Ғашықтар күнін атап өту мәселесі қоғамда бірнеше жылдан бері талқыланды. Сәуірдің 15-ін «Еңлік – Кебек» немесе «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні ретінде белгілеу туралы ұсыныстар да болған. Айта кетейік, бұл күн ресми түрде бекітілмеген, нақты тарихи оқиғамен де байланыстырылмаған. Қоғам белсенділерінің бастамасымен 2011 жылдан бері «Ұлттық ғашықтар күні» ретінде аталып келеді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай мерекенің қазақ жастары үшін маңызы зор. Бұл – төл мәдениетімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жасалған қадам.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.