Семейде студент құрылыс алаңында оң қолынан айырылды

Семейде 20 жастағы жігіт құрылыс алаңында ауыр жарақат алып, оң қолынан айырылды. Төртінші курс студенті Асылжан Калелов демалыс күні қосымша табыс табу үшін жұмысқа шыққан. Алайда қауіпсіздік талаптары сақталмаған нысанда бетон араластырғыштың ішінде қалып, қолы кесіліп кеткен. Қазір оның жақындары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Асылжан Калелов бұл құрылыс алаңына үшінші күн ғана жұмысқа шыққан. Айтуынша, оны бригадир ешқандай келісімшартсыз жұмысқа қабылдап, қауіпсіздік техникасын толық түсіндірмеген. Тек бетон араластырғышты қосып-өшіруді көрсеткен. Сол күні құрылғының ішінде тас тұрып қалып, оны алып тастамақ болса керек. Дәл сол сәтте бетон араластырғыш өздігінен іске қосылып кетіп, жігіттің оң қолын жұлып кеткен.

АСЫЛЖАН КАЛЕЛОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— Бетон араластырғыштың ішіне тас тұрып қалып, соны алып тастағым келген. Бетон араластырғышты өшіріп, ішіндегінің бәрін лақтырып, күрек жетпей қалған соң, ішіне кішкентай қалақпен қолымды салғанмын. Қалай болғанын білмеймін, бетон араластырғыш өз бетімен қосылып кетті. Көзімді жұмып-ашсам жерде жатырмын. Қасымда бәрі шыр айналып, жүгіріп жүр.

Жас жігіт шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған. Алайда дәрігерлер оның қолын сақтап қала алмаған.

ГҮЛМИРА СӘРСЕМБАЕВА, АСЫЛЖАН КАЛЕЛОВТІҢ АНАСЫ:
— Баламның қолын толықтай турап тастаған. Ол – құрылысты жөнді білмейтін бала. Мұндай балаларды жай ғана «барып кел, шауып келге» алуы керек қой. Тәжірбиелері жоқ. Соны ескермей, баламды қауіпті жерге қойған.

Ата-анасы баласының психологиялық жағдайына алаңдаулы. Құрылыс компаниясы осы уақытқа дейін хабарласып, жағдайын да сұрамаған. Олар жауапты тұлғалардың заң алдында жазалануын талап етеді. Ал еңбек инспекциясы оқиға бойынша арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді.

ҚАЙРАТ ЖӨКЕБАЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКТОРЫ:
— Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тергеп-тексеру жұмыстарына кірісті. Тергеу материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберіледі.

Аталған дерек бойынша Әуезов аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 277-бабы құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісімен сотқа дейінгі тергеуді бастады. Асылжан Калелов – университеттің 4-курс студенті, болашақ заңгер.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал